Алматы облысында ломбард қызметкерін өлтіргендерге қатысты сот басталды

26.09.2025 19:39

51 жастағы Барлыхан Байтанов өткен жылдың қараша айында жоғалып кеткен болатын

Алматы облысында ломбард қызметкерін қатыгездікпен өлтіріп, денесін жасырған 4 адамға қатысты сот процесі басталды. Қылмыстық іс «кісі өлтіру» және «қарақшылық» баптары бойынша қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айыпталушылар тағылған айыпты толық мойындамайды. Кейбірі ішінара ғана келісіп отыр. Сонымен қатар олар істің алқабилер сотында қаралуын талап еткен. Бүгінгі отырыс алқабилердің бірі денсаулығына байланысты екінші рет кейінге қалдырылды. Ал марқұмның туыстары сотталушылардың барлығын ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде бір баппен жауапқа тартуды сұрайды.

«Ең маңыздысы, ағамды өлтіріп, ломбардты тонау мақсатында қылмыс ұйымдастырылғаны анық. Бұл жерде жүргізуші болып жүрген сотталушы алдын ала ағамның ломбардына келіп, алтын өткізіп, сеніміне кіріп, барлық жағдайды біліп, кейін қалғандарға айтып берген. Содан кейін олар 2 қараша күні жұмыстан шыққаннан кейін, шамамен 18:18-де такси ретінде көлікке отырғызған», – деді марқұмның қарындасы Бағдат Байтанова.

«Олар мойындамай, “жартылай келісемін, қатысым жоқ” деген сияқты сөз айтты. Әрине, біз үшін оларды көру өте ауыр болды», – деді марқұмның жұбайы Рахима Байтанова.

Еске сала кетейік, 51 жастағы Барлыхан Байтанов өткен жылдың қараша айында Алмалыбақ ауылында жұмыстан шыққан соң жоғалып кеткен еді. Белгісіз адамдар оны көлікке отырғызып, тұншықтырып, пышақтап өлтірген. Тағы бір күдікті марқұм жұмыс істеген ломбардтың кілтін алып, ұрлық жасауға әрекеттенген. Оның қылығы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Құрбанының денесі бір аптадан кейін ауыл шетіндегі егіс алқабынан табылды.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында зейнеткерді айуандықпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты