Алматы облысында бүтіндей бір ауылдың тұрғындары баспаналарын заңдастыра алмай жүр. Бұған елді мекеннен бір шақырым жерде орналасқан мал қорымы себеп болған. Салдарынан 100-ден астам тұрғын үй санитариялық-қорғау аймағына кіріп кеткен. Тұрғындар бұл туралы биыл ғана білгендерін айтады. Бұған қоса, мал қорымының санитариялық жағдайына да наразы. Олардың сөзінше, қоршауы қираған аумаққа ит-құс кіріп, малдың сүйектерін сыртқа тасиды. Жұрт мұның адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдап, мал қорымын жабуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Талдыбұлақ ауылының тұрғындары бірнеше жыл бұрын жер телімдерін еш қиындықсыз сатып алып, баспана тұрғызған. Кейбірі жерді мемлекеттік актімен рәсімдеген. Алайда үйлерін заңдастырып, құжаттарын реттеуге кіріскенде ғана аумақтың қызыл аймақта орналасқанын білген. Бұған ауылдан бір шақырымдай жерде орналасқан мал қорымы себеп болған.
«Бір жыл бұрын үй алып, жер теліміне үй салдым. Енді қызық мәселе – қызыл сызық екені кейін белгілі болды. Әкім жерді қалай берген сонда? Қалай сатқан? Басқалар құжаттарын рәсімдейді, ал мен рәсімдей алмаймын. Барсам, "Сіз қызыл аймақта тұрсыз" дейді. Құжат жасата алмаймыз, тіркеуге тұра алмаймыз, құжаттарымызды да реттей алмаймыз», – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Андрей Дияров.
«Менің бала-шағам әр жерде тіркеуде тұр. Біреуі бір жерде, екіншісі басқа жерде. Өзім де екі жылдан бері құжат рәсімдей алмай жүрмін. Барсам, "Сіздер қызыл аймақта тұрсыздар, сәулет-жоспарлау тапсырмасын бере алмаймыз" дейді. Үйімізді тырмысып, бірімізден екіге қосып, несиеге батып жүріп салдық. Енді бұл үй жарамсыз десе, қайда барамыз?» – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Сания Мамырбаева.
Ауыл халқын алаңдатқан жалғыз мәселе бұл емес. Мал қорымы елді мекенге жақын орналасқандықтан, көктем мен жазда жағымсыз иіс ауаға таралып, есік-терезе ашу мүмкін болмайды екен. Тұрғындардың айтуынша, қоршауы бұзылған аумаққа ит-құс кіріп, малдың сүйегі мен терісін жан-жаққа тасиды.
«Жан-жағында санитариялық талаптар сақталмаған. Қоршаудың ішіне ит-құс кіріп жүр. Олар сүйектерді кеміріп, аулаларға тасиды. Осы арқылы түрлі ауру тарата ма деген күдігіміз бар», – деді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Айжан Әбіталі.
Тұрғындардың шағымынан кейін жауапты мекемелер мал қорымында жұмыс жүргізе бастаған. Қазір оның бетін цементпен жауып жатыр.
Талғар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болатбек Атейбековтің айтуынша, мал қорымы Талдыбұлақта үйлер салына бастағанға дейін пайда болған. Қазір нысанның 90 пайызы толған.
«Бұл мал қорымы Талдыбұлақта салынып жатқан үйлерден бұрын салынған. Қазір оның іші 90 пайызға толып тұр. Енді бұл мал қорымын әрі қарай пайдалануға болмайды. Үйлер салынып кетті. Сондықтан аудан әкіміне мал қорымын жабу туралы қаулы шығару жөнінде хат жолданды», – деді Талғар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болатбек Атейбеков.
Десе де, тұрғындар мал қорымының жабылуымен қатар, қызыл аймақ мәселесінің де шешілгенін қалайды. Өйткені олар үшін ең бастысы – өздері тұрып жатқан баспаналардың құжаттарын рәсімдеу. Ал Белбұлақ ауылдық округінің әкімі бұл мәселе жыл соңына дейін түбегейлі шешіледі деп сендіріп отыр.
Диана Тұрлыбек. Ғани Қалуов. Алматы телеарнасы. Алматы облысы