Мекеме жарты жыл жұмыс істемей, бүгін қызметкерлер бірінші рет цехке кірген.
Алматы облысы Байсерке ауылындағы металл қабылдау пунктінде жарылыс болып, 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле ауданы, Байсерке ауылындағы металл қабылдау пунктінде белгісіз заттың жарылуынан 3 адам көз жұмды. Нысан басшысының сөзінше, жарылыс болған цех жарты жыл жабық тұрып, бүгін жұмысын бастаған. Алдын ала дерек бойынша, Өзбекстан азаматтары қаза тапқан.
«Танкіге қарсы мина жарылған сияқты. Бұл жерді қытайлық компанияға жалға береміз. Олар металмен айналысады. Сол заттардың арасында істен шықпаған бір жарылғыш қалған көрінеді. Бұған дейін саперлер аумақты тазартқан болатын. Мекеме жарты жыл жабық тұрды. Бүгін ғана ашылды. Жұмысшылар цехқа кіре бергенде жарылыс болды», – деді мекеменің иесі Әмірбек Шербаев
Қазір апат болған жерде арнайы қызмет өкілдері мен полиция жұмыс істеп жатыр. Олардың айтуынша, аумақтың ішіне кіру әлі де қауіпті. Қайғылы жайтқа қатысты облыстық полиция қылмыстық іс қозғады.
«Орын алған қайғылы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Белгісіз зат жарылып, үш адам қаза тапты. Олардың денелері оқиға орнынан табылды. Аталған жерге жедел түрде полиция, өрт сөндірушілер және жедел жәрдем қызметі келді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр», – деді Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ернар Сәйділдин.
Бұл цехті бірнеше мекеме жалға алатын көрінеді. Мұнда металл сынды заттар сұрыпталып, өткізіледі. Қазір мамандар жарылыстың нақты неден, қалай болғанын анықтап жатыр.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Қарағанды әлемдегі ауасы лас қалалардың үштігіне енді