Ұялы байланыс операторлары қазақстандықтар туралы деректерді қайда жіберуге міндетті

Сенаторлар «Байланыс туралы» заңға түзетулер енгізіп, екі оқылымда мақұлдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұялы байланыс операторлары қазақстандықтар туралы деректерді Ұлттық статистика бюросына беріп отыруға міндеттеледі. Сенаторлар «Байланыс туралы» заңға түзетулер енгізіп, екі оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді әрбір қазақстандықтың қайда барғаны, қайда демалғаны, қай өңірге көшкені туралы деректерді Статистика бюросы әп-сәтте біліп отыратын болады. Мұндай ақпараттарды мемлекеттік органға ұялы байланыс операторлары беріп отырады. Сенаторлар жаңашылдықты қос қолдап қолдады. Бастама инфрақұрылымды дамыту, көлік және өңірлік жоспарлау, сондай-ақ туризмді дамыту үшін аса маңызды. Осы тұста қауіпсіздік мәселесіне қатысты заңды сауал туындайды. Құжатты әзірлеушілер халықтың жеке басына қатысты деректер анонимді күйде қалады деп уәде беріп отыр.

«Аты-жөні, телефон нөмірі демекші, жынысына, жасына байланысты барлық дерек алынып тасталады. Жалпы ақпараттар берілетін болады. Бұл – елімзді дұрыс басқару жүйесін қалыптастыру үшін қажет қадам. Сондықтан осындай шешімге халқымыз түсіністікпен қарайды деп сенеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенатор Алтынбек Нұхұлы бұл жаңашылдықты қолдамайтындай сыңай танытты. Депутат Ұлттық статистика бюросының басшысынан абоненттер туралы деректерді жинаудың басқа жолы жоқ па деп төтесінен сұрады. Өйткені, бұл талаптар байланыс операторларына қосымша қаржылық шығын жүктеп, олардың тарифтік саясатына кері әсер етуі мүмкін екенін еске салды. Түптеп келгенде тапқаны тамағынан артылмайтын халық үшін байланыстың құны аспандап кете ме деп қауіптенеді.

«Ақыға келетін болсақ, түзетулерге сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Цифрландыру министрлігімен қосымша ереже әзірлейтін боламыз. Ережеге сәйкес мәліметтерді алу тәртібі болады. Қосымша шығын анықтаймыз. Ақпараттың барлығы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келеді. Сондықтан мобильдік операторларға ешқандай қосымша шығын әкелмейді деп санаймыз», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Astana Hub Инновациялық технологиялар паркімен бірігеді. Бүгін сенаторлар тағы бір заңды қарап, оны да мақұлдады. Бұл өзгеріс инновациялық экожүйені дамытуға, сондай-ақ қолда бар ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалануға бағытталған. Цифрлық даму вице-министрінің сөзінше, жасанды интеллектіге қатысты шешімдер ұсынатын компаниялардың үлесі айтарлықтай өсіп отыр. Қазір нейрожелі негізіндегі шешімдердің экспорты 50 миллион долларға жеткен. Экспорт көлемі 700 миллион долларды құрап отыр. Осы тұста сенатор Әлібек Нәутиев инновациялық технологиялар паркі қорының жұмысын сынға алды.

«Инновациялық технологиялар паркі» қорының қызметінде оның тиімділігіне тікелей әсер еткен кемшіліктеріне назар аудару қажет. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жыл сайынғы қаржыландыру жөніндегі міндеттемені орындау аясында қаражат пайдаланудың ашықтығы қолданыстағы механизм оларды пайдалану тиімділігі мен түпкілікті нәтижені бақылауға мүмкіндік бермеді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев.

Astana Hub  2030 жылға қарай 10 мың жасанды интеллект маманын оқыту туралы стратегиялық мақсат қойған. Ол үшін Үкімет мемлекеттен тағы да қаржы алмақшы. Цифрлық даму вице-министрінің сөзінше, шамамен 1 миллиард теңгені бюджеттен бөлу жоспарланып отыр.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген,Астанадан

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы зауытта күніне 1400 тонна тұрмыстық зат сұрыпталады

Новости партнеров