Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнында өрт-зерттеу зертханасының мамандары мен ТЖД өкілдері жұмыс істеп жатыр
Алматы облысының Қарасай ауданында құрғақ шөп өртеніп, от тұрғын және саяжай үйлеріне тарады. Өрт салдарынан үш адам қаза тапты, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, -деп хабарлайды Almaty.tv.
Толық ақпаратты өңірдің ТЖД баспасөз қызметі 31 тамыз, жексенбі күні мәлімдеді.
"30 тамыз сағат 15:50-де Қарасай ауданы Тұрар ауылының маңында 30 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді. От 7 саяжай үйі мен 6 шаруашылық нысанына (жалпы ауданы 531 шаршы метр), сондай-ақ Honda Civic маркалы көлікке, шөп қораға, 132 шаршы метрлік қыстау қорасына және 80 шаршы метрлік тұрғын үйге тарады", – делінген хабарламада.
ТЖД мәліметінше, алғашқы бөлімшелер жеткен кезде аумақтағы барлық құрылыс ашық жалынмен өртеніп жатқан.
Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, Алматы қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың 27 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылған.
Өрт 31 тамыз сағат 00:20-да оқшауланған.
"Өрт болған жерден үш адамның өртенген денесі табылды, оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деді баспасөз қызметіндегілер.
Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнында өрт-зерттеу зертханасының мамандары мен ТЖД өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Жамбылда этил спиртін заңсыз өндірген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды