Биыл елдімекенде 83 төтенше жағдай тіркелген
Ауылдардағы өрт оқиғаларын азайту мақсатында елдімекендерде жаңа өрт сөндіру пункттері салынып жатыр. Яғни, бекет шалғайдағы аудандарда тұрғызылып, іші қажетті құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Бұл жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, тілсіз жау салдарын азайтуға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында өрт сөндіру бекеті 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Елдімекенде төтенше жағдай бола қалса, ондағы топ оқиға орнына тек 1-2 сағатта жетеді. Енді ауылдың өзінде жаңа пункт салынса, аймақта өртті сөндіру мүмкіндігі кеңейе түспек.
«Ауданнан 120 км қашықтықта өрт машинасы келгенше өрттің өшетіні өшіп, қоламтасы қалады. Өрт сөндіру бекетін салып жатыр, мемлекеттің халыққа жасаған қамқорлығы деп түсінеміз. Бәрі дән риза, қолдап жатыр», – деді Мәтібұлақ ауылының тұрғыны Тапалай Байсабаев.
Айта кетейік, соңғы уақытта Жамбыл ауданында өрт оқиғасы көбейген. Биыл бері елдімекенде 83 төтенше жағдай тіркеліпті. Құрылыс жұмыстары аяқталса, мекеме қажетті құралдармен жабдықталып, арнайы мамандар жұмысқа тартылады.
«Құтқарушы бекеті Мәтібұлақ ауылдық округіне орналасқан 8 елдімекен мен 5 мыңға жуық адамныңьқауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен округке өрт сөндіру автокөлігі берілді», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов.
Айта кетейік, құрылымдар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Салаға жауаптыларының айтуынша, өрт сөндіру бекетін салу – төтенше жағдайларға дайындықты арттыру емес, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу.
«Жамбыл ауданында 15 бекет бар. Сол 15 бекеттің ішінде 3 ауылда өрт автокөлігімен жабдықталған 3 өрт сөндіру бекеті болады. Адам саны әр мекемеде 4 қызметкерден жұмыс жасап жатыр», – деді Жамбыл ауданы ТЖБ бастығы Бейбіт Рақымжанов.
Алматы облысында 373 елдімекен бар. Оның 54-і өрт сөндіру бөлімдерінен 20 шақырым жерде орналасқан. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге кедергі келтіретіні айтып отыр.
Диана Тұрлыбек, Адель Ақжаркенова, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда ірі құрылыс нысаны бұзылып жатыр