Алматы облысында өткен ең үлкен түйе керуені әлемдік рекорд орнатты

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округінде ел тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи оқиға орын алды. Ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени шара әлемдік деңгейде рекорд орнатты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Керуен құрамындағы 1000 түйе арнайы дайындалған 1 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан. Қазақстан бұл жетістікті үш еседен астам арттырып, әлем назарын өзіне аударды.

Керуеннің қауіпсіз өтуіне ерекше мән берілді. Патрульдік полиция қызметкерлері, өрт сөндіру техникасы, медициналық қызмет және ветеринарлық бақылау толық қамтамасыз етілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін турникеттер орнатылып, көрермендердің керуенге жақындауына шектеу қойылды.

Іс-шараға Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысып, керуеннің әр қимылын қатаң бақылап отырды.

«Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін бірінші рет көріп отырмын. Қазақстанның бұл жетістігі тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануы тиіс», – деді ол.

Бұл шара көшпелі өркениеттің ұлы мұрасын жаңғыртып, ел тарихындағы жаңа парақты ашты.

Оқи отырыңыз: Алматы – цифрлық дамудың және кәсіпкерліктің орталығы

 

Новости партнеров