Алматы облысында тұрғындар қара суға зар болып отыр

30.07.2025 19:41

Қырғауылды тұрғындарының жанайқайы жылдар бойы жергілікті биліктің құлағына жетпей келеді

Алматы облысындағы ауылдардың бірі лай суға да зар боп отыр. Бұған дейін тіршілік тәрінің тазалығына сын айтқан жұрт қара судың өзін қалағаныша іше алмайтын болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының іргесінде отырып, тіршілік нәрінен тарыққан Қырғауылды тұрғындарының жанайқайы жылдар бойы жергілікті биліктің құлағына жетпей келеді. «Таза судың дәмін ұмыттық» деп налыған жұрт жауаптыларды шақырып, наразылығын жіпке тізді. Мұнда осы уақытқа дейін құбырдан ағып келгені – бірде сарғыш, бірде жағымсыз иіс шығатын лай су. Ішуге де, тұрмысқа да жарамайтын суды амалсыз тұтынып келген жұрттың денсаулығы тіптен сыр бере бастаған. Сорақысы сол, соңғы үш айда бұл лас судың өзі тоқтапты. Құбырлар құрғап, шөл қысып отырған жұрт тіршілік нәрін көрші ауылдардан тасымалдауға мәжбүр.

«Су таза емес, тұндырып ішеміз. Өйткені фильт қойылмаған, әр үйге есептегіш құралын қоя алмайды. Есесіне ай сайын 4 мың теңге төлейміз. Бірақ соңғы 3 айда лай су да жоқ», – деді Қырғауылды ауылының тұрғыны Алмагүл

Қырғауылдыда қазір 160-тан астам отбасы сусыз күн кешіп отыр. Жылдар бойы түйіні тарқамай келген түйткіл бойынша әкімдік те мардымды сөз айтқан жоқ. Енді шыдамы шегіне жеткен жұрт мәселені қолына алып, ұңғымаларды аралауға көшкен. Айтпақшы, ауданнан бұл мәселе бойынша санитарлық норманы саралайтын маман да шақырылды.

 «Су қабылдаушы ұңғымасының жағдайын келіп қарадық. Су бар. Халыққа жету, жетіспеуі басқарманың құзыретіне кірмейді. Ал сапасына қатысты, «BiAzh» басқармасына хат жолдаймыз. 62-ші бұйрық бойынша зертханалық зерттеулер жүргізілгенін білеміз. Аймақта тазалық жұмыстар біраз уақыт жүргізілмегені анықталды», – деді Қарасай ауданы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Нұржан Есімов.

Түсірілімнің соңына таман, күннің астында үш сағат бойы сарылып тұрған халыққа Қарасай ауданы әкімінің орынбасары әрең жетті. Бірақ жұрт күткен көңілге қонымды шешім айтылмады. Аудан басшысының орынбасары тек суды жеткізуге жауапты мердігер компанияны әкімдік жыл басында сотқа бергенін айтып, мәселені мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

 «Мемлекет медігерді сотқа берді, мекемені қайтарып алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Заңға сәйкес, нәтижесін күтіп отырмыз», – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек

Алайда жаздың аптап ыстығында шөл қысып отырған жұрт үшін бұл құрғақ мәлімет қана. Ал аудан әкімдігі қырғауылдықтарға суды реттеу үшін қолдан келетін жұмыстарды жасап, тіпті Алматы қаласынан қаласынан көмек сұратайтынын жеткізді.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: МӘМС: әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін сақтандыру жарнасын әкімдік төлейді