Алматы облысында жаңа өндіріс орны іске қосылды

01.10.2026 21:45

Өнім Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне де шығарылатын болады

Алматы облысында алкогольсіз сусын шығаратын жаңа кәсіпорын ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Боралдай ауылында орналасқан Carlsberg Kazakhstan компаниясының зауыты жылына 1 миллиард литрге дейін сусын өндіруге қауқарлы. Өнім Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне де экспортталмақ. Зауыттың ашылу салтанатына Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі қатысып, жобаның екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

Кәсіпорынға қажетті шикізат жергілікті өндірушілерден алынады. Жобаның алғашқы кезеңінде түрлі дәмдегі сусындар өндіріліп, оларды қаптауға арналған бес өндірістік желі жұмыс істейді. Кейін өнімді қоймаларда сақтау және тасымалдау сияқты логистикалық мүмкіндіктерді дамыту көзделіп отыр. Өндіріс орнына 160 миллиард теңге инвестиция салынып, облыстың 200-ден астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.

– Өндірістің іске қосылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Carlsberg Kazakhstan компаниясының ұжымына Алматы облысына сенім артып, жаңа өндіріс ошағын іске қосқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа кәсіпорынның жұмысы берекелі болсын, – деді Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов.

Жауаптылардың айтуынша, кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнімге сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Өнім Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне де шығарылатын болады.

– Бұл жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен әкімдік пен жергілікті атқарушы органдарға алғыс айтқым келеді. Жоба Қазақстан мен өңір экономикасына ғана емес, Даниядағы бизнестің дамуына да өз үлесін қосады. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанының маңызды дәлелі, – деді Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен.

Айта кетейік, Carlsberg компаниясының Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдан асқан. Бұған дейін елде сыра және алкогольсіз сыра өндірілген.

Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген, Almaty TV, Алматы облысынан.

Толық көрсету