Демалыс күндері өткен рейдтік іс-шараға ювеналды және учаскелік полиция қызметкерлерін қоса алғанда жалпы 51 маман жұмылдырылды
Биыл Алматы облысындағы Іле ауданында 43 рейдтік іс-шара өткізіліп, 65 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылған. Жүргізілген рейд барысында түнгі клубтар, ойын залдары, барлар, кафе мен мейрамханалар бақылауға алынған.
Демалыс күндері өткен рейдтік іс-шараға ювеналды және учаскелік полиция қызметкерлерін қоса алғанда жалпы 51 маман жұмылдырылды. Оған қоса, аудандық білім бөлімі, әкімдік өкілдері мен аймақтағы белсенділер қатысты. Арнайы топ Іле ауданының барлық ауылдық округтерінде орналасқан мектептердің маңын, ойын-сауық орындарын, мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындары және саябақтарды аралады.
«Іс-шара аясында қоғамдық орындардағы, саябақтар да, халық көп жиналатын демалыс орындарында, сондай ақ көлік қозғалысы қарқынды жол учаскелерінде патрульдік көліктердің саны арттырылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамсыз ету. Заңбұзушылықты жедел анықтап, жолын кесу. Сондай ақ ықтимал келеңсіз жағдайлардың алдын алу», – деді ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Берік Дәкеев.
Іле ауданында 67 410 кәмелет жасына толмаған бала бар. Оның мыңға жуығы профилактикалық есепте тұр. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды міндет.
«Аймақ, оның ішінде қызыл, жасыл аймақ бар. 1055 баланың 500-ге жуығы жасыл, 147 бала қызыл аймақта тұр. Қызыл аймақта заң бұзуға бейім балалар енеді.Олар түнгі сағат 23:00-ден кейін жүру, темекі тарту, ішімдік ішу, төбелесу сияқты әрекеттерімен көзге түседі», – деді Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов.
Айта кетейік, 7 айда аудан бойынша 43 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде түнгі уақытта заң бұзған жеткіншектің ата-аналары мен заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама рәсімделген.
Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы, Алматы телеарнасы