Алматы облысындағы автобус апаты: ауыл жұрты оқушыларды тасымалдайтын көлікті жалдауға мәжбүр болған

12.09.2025 21:58

Мектепке қатынау мәселесін көтерген халық  жергілікті биліктің салғырттық танытқанына наразылық білдірді

Алматы облысында оқушыларды тасымалдайтын автобус пен жеңіл көліктің соқтығысуынан екі адам қаза тапты. Ал балалар түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл жағдайдан кейін ауыл халқы жылдар бойы қордаланған мектепке қатынау мәселесін көтеріп, жергілікті биліктің салғырттық танытқанына наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдімекен тұрғындарының тыныштығын қашырған оқиға Іле ауданындағы Сокол саяжайы аумағында болды. Оқушыларды мектепке таситын автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, жол жиегіне шығып кеткен. Хендэ акцент жүргізушісі оқиға орнында мерт болып, жолаушысы ауруханада жан тәсілім еткен. Ал автобуста отырған 55 баланың 11-іне медициналық көмек қажет болыпты.

Марқұмдардың туыстарының сөзінше, автобус тежегішті баспай жеңіл көлікті бірнеше метрге сүйреп әкеткен. Көпшілік 20 орындық шағын автобусқа кейде 30-ға жуық оқушы сығылып отыратынын, жол қауіпсіздігі сақтала бермейтінін айтты.

 «Кешегі оқиғада балам болды. Қазір аурухана жатыр. «Бүйрегі зақымданған, 5-6 күн ем қабылдайды» деді.  «Бұл кімнің телефонының нөмірі, жол апаты болды» деп хабарласты. Қызым жалаң аяқ, табанына тікен кірген», – деді Ақсай ауылдық округінің тұрғыны Әсем Елеуова.

Апаттан кейін ауыл тұрғындары балаларын мектепке апаруға жүрексініп қалғанын жеткізді. Өйткені үш бірдей білім мекемесінде оқитын 1700-ден астам оқушыға Іле ауданының әкімдігі бар болғаны 2 автобус бөліпті. Салдарынан ата-аналар амалсыздан жеке автобус жалдап, әр балаға 7000 тг төлеп жүр. Жол апатына ұшыраған тасымалдаушы көліктің  де тұрғындар қаржысына жалданғаны белгілі болды. Ауылдағы ағайын негізгі трассада жол белгілерінің жоқтығын айтып отыр.

«Трассаның бойында жол белгіліері жоқ. Жаяу жүргінші жолы да көрсетілмеген. Не бейнекамера, не бағдаршам қойылмаған. Көліктер жүйткіп өткенде қорқасың. Алдыңғы күні баламды қағып кете жаздады. Сағат 19:30-да автобустан 12 бала түседі. Бәрін жетектеп асфальттің бойын жауып өткіземіз. Төрт жыл болды, Е-өтінішке де жаздық», – деді Ақсай ауылдық округінің тұрғыны Ерлан Жансейітұлы.

Оқиға орнына келген әкімдік өкілдері халыққа «жаңа мектеп салынбайды» деп айтқан. Қайғылы жайттан кейін қара жамылған отбасының жақындары апатқа автобус жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып кеткені себеп деп отыр. Мұнымен оқушылардың ата-аналары келіспейді.

«Бір үйден екі адам көз жұмды. Бізге оңай емес. Сокол ауылында әке-шешем тұрады. Сол жақтан үйге қайтып бара жатқанда көлікке соғылған ғой. автобус жүргізушісі «менікі дұрыс» деп тұр. Бірақ бізге «рөлді бұрып жіберді» деп айтқан», – деді марқұмдардың қызы Аружан Әзенова.

«Сокол саяжайының аумағында Hyundai Accent автокөлігі мен жолаушылар автобусының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Жол апаты салдарынан жеңіл автокөлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды, ал оның жолаушысы медициналық мекемеде қайтыс болды. Басқа зардап шеккендер жоқ», – деді Полиция департаменті жпқб бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Апаттан кейін ауыл жұрты билікке бірнеше мәселені шегелеп жеткізді. Ең әуелі балаларға арналған жаңа мектеп пен қауіпсіз автобус қажет. Жол бойына «кедергілер» мен ескерту белгілерін орнату – өзекті мәселе. Халықтың айтуынша, мұндай шаралар қайғылы жағдайлардың қайталануына тосқауыл болмақ.

Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Жол апаты: Маңғыстау облысына қаза тапқан азаматтардың туыстарын жеткізу үшін борт жіберілді