Алатау қаласында қоқыс полигонында орын алған ірі өртті сөндіруге белсене атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салтанатты шараға Алматы облысының мобилизациялық дайындық, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Асқар Тасболатұлы Тойчубеков қатысып, төтенше жағдайда ерлік пен жанқиярлық танытқан қызметкерлер мен еріктілерге облыс әкімі атынан алғыс білдірді.
«Бұл марапат – сіздердің кәсібиліктеріңіздің, жанқиярлықтарыңыздың және отансүйгіштіктеріңіздің айқын дәлелі. Қиын сәтте күш біріктіріп, апаттың салдарын дер кезінде тоқтата білдіңіздер», – деді ол өз сөзінде.
Марапаттау рәсімі барысында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дәурен Оразбеков те сөз сөйлеп, қатысушыларға ризашылығын білдірді. Арнайы тізім бойынша үздік қызметкерлерге марапаттар табысталды.