Статистикаға көз жүгіртсек, ең жиі анықталатын заңбұзушылық – балық ресурстарын заңсыз пайдалану
Биыл Алматы облысындағы су қоймаларында 2000-ға жуық браконьерлік факті әшкереленді. Табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзғандарға 39 қылмыстық іс қозғалып, 4 тоннадан астам заңсыз ауланған балық пен жүздеген метр тыйым салынған құрал-жабдықтың тәркіленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бейнежазбалардан браконьерлердің түн жамылғанда олжа іздеп жүргені анық көрінеді. Су бетіне қалқып шыққан тыйым салынған торлар, жағадағы жабдықтар — қоршаған ортаға жасалған қиянат. Табиғатты қорғау полициясы браконерлерді көбіне түн ортасында немесе таң атпай әшкерелейді. Рейдтік шаралар күшейгенімен, балық аулау маусымы басталғанда тәртіп пен талапты елемейтіндер азаймай тұр. Ережеге сай, әр балықшының рұқсат құжаты болуы шарт. Түнде ау құру, торды тасалап тастау, электр тоғын немесе өзге де құрылғыларды қолдануға заң бойынша қатаң тыйым салынған. Тәртіп бұзғандар биыл 1848 әкімшілік және 39 қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде 10 миллион теңге айыппұл салынған.
«Балық аулау маусымы ашық. Әуесқой және кәсіби балық аулаушылар жұмыс жасауда. Бірақ ереже бойынша кейбір жерлерде балық аулауға болмайды. Мысалы гидроэлектро станциясы, көпірлердің астында балық аулауға болмайды. Бекітліген аймақтар бар. «Қапшағай» су қоймасында 3 аумақ бар бекітілмеген, 5 кг балықты жолдамасыз аулауға болады», – деді Қонаев қаласы Полиция басқармасының табиғатты қорғау инспекторы Мұрат Құдайбергенов.
Елімізде ресми балық аулау маусымы ашылған. Бірақ оған қарамастан, браконьерлік фактілері азаймай тұр. Мысалы, дәл осы аумақта инспекторлар күн сайын тыйым салынған торлар мен қармақ түрлерін жинап алуға мәжбүр. Мұнда табиғатты қорғау мамандары тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Олардың айтуынша, заңды жерлер жеткілікті болғанымен, кейбіреулер әлі де рұқсат етілмеген тұстарда балық аулап, су маржанын жаппай құртатын құралдарды қолдануды тоқтатпай келеді.
Статистикаға көз жүгіртсек, ең жиі анықталатын заңбұзушылық – балық ресурстарын заңсыз пайдалану. Биыл осы бап бойынша 294 дерек тіркелген. Сонымен қатар, рұқсат құжатынсыз балық аулау, түнде тор салу, уылдырық шашатын маусымда тыныштықты бұзу секілді әрекеттер де жиі кездеседі. Табиғат қорғау мамандарының айтуынша, мұндай әрекеттер балық қорының азаюына тікелей әсер етеді. Ал браконьерлер қолданатын кейбір торлар моторлы қайықтарға да қауіп төндіреді.
«Рейдтік шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Барлық уәкілетті органдармен, аумақтық инспекциямен, балық инспекциясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Су қоймаларына да барып тексереміз, қажет жағдайда көлікпен де рейдке шығамыз. Мақсат — заңсыз аңшылық пен заңсыз балық аулауды дер кезінде анықтап, тоқтату. Қандай да бір құқықбұзушылық байқалса, оның жолын кесеміз», – деді Табиғат қорғау полициясының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Юрий Тоқтаров.
Табиғатты қорғау полициясының айтуынша, балықты заңсыз аулаумен қатар, флора мен фаунаға зиян келтіретін өзге де құқықбұзушылық аз емес. Биыл облыста 1051 жасыл желекті зақымдау, 497 табиғатты пайдалану ережесін бұзу дерегі тіркелген. Қоқыс тастау, моторлы қайықпен тыйым салынған аймақтарға өтіп кету, уылдырық шашатын аумақтарды бүлдіру – өңірдің экожүйесін ластап, тепе-теңдігін бұзатын басты фактор.
Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Қарызды өндіріп аларда қосымша құн салығы қосылмауы тиіс - коллекторлар ұсынысы