Қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы Алматының Бостандық ауданында жалғасып жатыр. Науқанға 17 арнайы техника мен 60 жол жұмысшысы жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы – ортақ үйіміз» бастамасы шеңберінде мердігер ұйымдар қала көшелері мен аулаларды қоқыстан тазартып, абаттандыру шараларын жүргізіп жатыр.
«Наурызбай көшесінің Абай даңғылынан Тимирязев көшесіне дейінгі аралықта арық, жаяу жүргінші жолдарын, сондай-ақ үйлердің арасын да тазалап жатқанын байқауға болады. Науқанның басты мақсаты – көрікті, керемет қаламызды таза ұстау», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас инспекторы Нұрсұлтан Оразымбетов
Жол жиегі мен жаяу жүргіншілер жолдарын сыпыру, арық жүйелерін тазарту және қар үйінділерін шығару жұмыстары 1 ай көлемінде жүргізіледі. Ал жұмысшылар қала тұрғындарын қоқыс тастамауға шақырды.
«Жастарды қаламызды тазалауға атсалыса дейміз. Көктем келе жатыр, қоқыс тастамаңыздар», – деді жұмысшы Венера Қисанова.
Оқи отырыңыз: Алматыда көшелер мен инфрақұрылымды тазарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде