Кездесудің жеке бөлімі киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттермен құқық бұзушылықтардың, соның ішінде есірткі қылмыстарының, интернет-алаяқтықтың және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара барысында қатысушыларға есірткі заттарын қолдану мен олардың заңсыз айналымының құқықтық салдары жан-жақты түсіндіріліп, құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы ескертілді.
— Жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға және жеке жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Студенттерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі және жолдағы тәртіптің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызы да кеңінен түсіндірілді, — деп мәлімдеді Медеу аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдар Нағашыбеков.
Кездесудің жеке бөлімі киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Қатысушыларға интернет-алаяқтықтың заманауи тәсілдері, оның ішінде дропперлікке тарту фактілері туралы айтылып, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету бойынша практикалық ұсыныстар берілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға қайшы әрекеттерге төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыда шетелдік студенттерге Қазақстанда болу қағидалары түсіндірілді