Тау-шаңғы курортын іске асыру барысында экологияға баса назар аударылады
Алматыда өткен Тау курорттары Еуразиялық альянсының III фестивалі барысында Almaty Superski тау-шаңғы курортының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Kazakh Tourism Development (KTD) компаниясы жобаны жүзеге асыруға жауапты мекеме. Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев тау-шаңғы курортында 5000-ға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланғанын атап өтті. Осылайша, аталмыш жоба аймақтағы ең ірі жұмыс беруші болып қана қоймай, Алматы қаласында шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Жоба әртүрлі деңгейдегі 60 км шаңғы трассасын, күніне өткізу қабілеті 10 000 адамнан асатын 16 жаңа буынды аспалы жол салуды көздейді.
Тау-шаңғы курортын іске асыру барысында экологияға баса назар аударылады. Оның ішінде, ESG-қағидаттарының ашықтығы мен сақталуын қамтамасыз ету, CO₂ шығындарын қадағалау жүйесі енгізілетін болады.
Жалпы алғанда, жоба Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шамамен 1002 гектарында немесе 0,5%-дан кем аумағында орналасады. Сол аумақтың 20 гектарында курорттық ауыл, яғни демалыс орынын салу жоспарланған.
«Біз жобаны жүзеге асыру аумағында жергілікті флора мен фаунаға кешенді зерттеулер жүргізетін отандық ғылыми институттармен тығыз жұмыс істейміз. Басты қағидатымыз «құрылысты тез бастау» емес, алдымен ғылымға негізделген сараптама алу. Мақсатымыз Көк-Жайлау шатқалының табиғатын барынша сақтай отырып, халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар мен отбасылардың бүлдіршіндерімен бірге еш кедергісіз тұмса табиғатты тамашалауына жағдай жасау», - деп атап өтті Ержан Еркінбаев.
KTD Бас атқарушы директоры өз сөзінде Almaty Superski – бұл жай ғана тау-шаңғы курорты емес, экономиканы әртараптандыруға, туризм мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастама екенін атап өтті.
Бұл жоба Алматы тау кластерінің өзегіне айналып қана қоймай, Қазақстанның тау туризмі саласында өзінің халықаралық брендін қалыптастыруға, өз кезегінде елдің жаһандық туристік нарықтағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда тау кластерін дамытуда халықаралық тәжірибе ескеріледі