Алматы тауында қар көшкінінен зардап шеккендер қалай құтқарылды

01.04.2026 16:45

Шымбұлақ тау-шаңғы курорты аумағында ТЖД жаттығуы өтті  

Алматы тауларында көшкін салдарынан ауыр жарақат алып, қар астында қалған азамат тікұшақпен ауруханаға жеткізілді. Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өткен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жиынында құтқару қызметтері табиғи апат кезіндегі әрекеттерін пысықтап, зардап шеккендерді қауіпсіз жерге эвакуациялау тәсілдерін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқу-жаттығу Шымбұлақ тау-шаңғы курорты аумағында басталды. Мұнда төтеншеліктер қалың қар астында қалып, жарақат алған азаматтарды арнайы ұзын таяқтар мен кинологиялық есептердің көмегімен іздеді. Жаттығуға Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазавиақұтқару қызметі секілді мекемелердің техникалары жұмылдырылды. Сондай-ақ зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, олар тікұшақпен ауруханаға жеткізілді. Құтқарушылардың мәлімдеуінше, былтыр қараша айынан бері таулардан 1 млн текше метр қар түсіріліп, бірнеше профилактикалық жұмыс жүргізілген.

"Қар көшкінін демалушылар тудыруы мүмкін. Қатты дауыстан, қимылдан, қиын жолдармен жүргеннен қар көшкіні туады. Кейде ауа райына да байланысты. Ауа райының өзгеруіне байланысты қар көшкіні өздігінен жүреді. Жарты сағат, бір сағаттың ішінде ауа райы адам танымастай өзгереді. Оған біз қарсы шыға алмаймыз. Ауа райына байланысты құтқарушылардың жұмысы қиындайтын болады», - деді қалалық ТЖД құтқару қызметінің аға құтқарушысы Айдос Сапарғали.

Шымбұлақ тау-шаңғы курортынан шыққан «Eurocopter» маркалы тікұшақ №4 аурухана аумағына келіп қонды. А нүктесінен Б нүктесіне жиырма минутқа жуық уақытта жеткен бортта 3 адам бар: ұшқыш, медицина қызметкері мен жарақат алған азамат. Қазір жедел жәрдем көлігі науқасты ауруханаға жеткізуге дайын тұр.

"Неліктен біз бұл жерде жарақат алғандарды емдейміз? Себебі біз травматологияға басымдық береміз. Мұнда жарақаттар, соның ішінде аралас және көптеген ауыр жарақаттар (политравма) бойынша шұғыл көмек, сондай-ақ анестезиология және реанимация қызметтері тәулік бойы көрсетіледі. Сондықтан бізде науқастарды 24 сағат бойы қабылдау мүмкіндігі бар", — деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Жорабек Сұлтанов.

Материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған аурухана — қаладағы тікұшақ алаңы бар жалғыз мекеме. Тәулігіне 250-300 адамды қабылдай алады. Мұнда бір уақытта 20-ға жуық ауыр жарақат алған науқасқа медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасалған. Жалпы, оқу-жаттығу жиыны төтенше жағдай қызметтерінің көшкін қаупі кезіндегі әрекеттерге дайындығын арттыруға, сондай-ақ құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен авиация бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтауға бағытталған.

Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Нұрай Серікбай өлімі: психикалық орталықта жатқан күдікті жауаптан жалтарып кетуі мүмкін бе