Мамандардың айтуынша, оған медициналық көмек қажет болмаған
Алматы тауларында бірнеше күн бойы байланысқа шықпай кеткен турист құтқарушылардың көмегімен аман-есен табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ер адам 20 мамыр күні Шымбұлақ жағынан тауға көтерілген. Ол екі күннен кейін оралуы тиіс болған, алайда белгіленген уақытта хабарласпаған. Телефоны да сөндірулі болғандықтан, жақындары құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстарына ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды. Құтқарушылар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы маңындағы беткейлерді жаяу тексерген.
Іздеу барысында жоғалған турист табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Мамандардың айтуынша, оған медициналық көмек қажет болмаған. Кейін құтқарушылар ер адамды «Медеу» мұз айдыны аумағына дейін түсіріп, туыстарына тапсырған.
ТЖМ азаматтарға тауға шығар алдында бағыты мен сапар ұзақтығын жақындарына міндетті түрде ескертіп кетуге кеңес берді.
Оқи отырыңыз: Almaty Glow Ride: Алматыда алғаш рет түнгі велошеру өтті