Құтқарушылар тұрғындарға сапар барысында байланыста болуға кеңес береді
Алматы тауларында жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірімді құтқарушылар тауып, ата-анасына тапсырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабарламаны баланың әкесі берген.
Оның айтуынша, 2013 жылы туған ұлы досымен бірге Бутаков шатқалына серуендеуге кеткен. Кейін жасөспіріммен байланыс үзілген.
Баланың соңғы геолокациясы Фурманов шыңындағы «Панорама» лашығы маңынан анықталған. Осыдан кейін іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы Құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды.
Құтқарушылар тау бағытын толық тексеру барысында жасөспірімді тауып, оны қауіпсіз түрде төменге түсіріп, ата-анасына тапсырды. Дәрігерлердің көмегі қажет болған жоқ.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға тауға шығар алдында жақындарына бағыттары мен қайту уақытын алдын ала хабарлап, сапар барысында байланыста болуға кеңес береді.
Оқи отырыңыз: Тәулігіне алты сағаттан аз ұйықтаудың денсаулыққа зияны қандай