Алматы тұрғындары Republic Day акциясы аясында мерекелік жеңілдіктерді пайдалануда

23.10.2026 12:53

Мерекелік жеңілдіктердің ең қызу кезеңі 23–27 қазан аралығына сәйкес келеді

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыда тұрғындар Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары аясындағы арнайы ұсыныстарды белсенді пайдалануда. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды, соның ішінде киім-кешек пен үйге қажетті заттарды жеңілдетілген бағамен сатып алып, маусымаралық сауда жасауға мүмкіндік алуда, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Сауда бөлімінің бас маманы Елнұр Нұрпеисовтің айтуынша, бұл акциялар тұрғындарға тиімді сауда жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, ішкі сауданы дамытуға да ықпал етеді.

«Республикалық акциялар аясында сауда нысандары сатып алушыларға түрлі тауарларды төмендетілген бағамен ұсынып отыр. Әсіресе маусым ауысатын кезеңде мұндай ұсыныстарға сұраныс артады. Өйткені тұрғындар гардеробын жаңартып, үйге қажетті заттарды сатып алады. Бұл – сатып алушылар үшін отбасылық бюджетті үнемдеуге, ал бизнес өкілдері үшін тұтынушылық сұранысты қолдауға мүмкіндік», – деді Елнұр Нұрпеисов.

Мерекелік жеңілдіктердің ең қызу кезеңі 23–27 қазан аралығына сәйкес келеді. Осы күндері арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктердің басым бөлігі ұсынылады. Акциялар 2026 жылғы 27 қазанды қоса алғанға дейін жалғасады.

Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар. Іс-шаралар халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға және ішкі сауданы дамытуға бағытталған. Сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге ерекше назар аударылады.

Алматы қаласындағы Republic Day және Bereke Fest акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімімен ресми сайтта танысуға болады:

Осылайша, мерекелік жеңілдіктер қала тұрғындарына жаңа маусымға қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берсе, сауда кәсіпорындары үшін сатып алушыларды тартуға және тұтыну нарығындағы белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Republic Day және Bereke Fest: кей тауарларға 50%-ға дейін жеңілдік ұсынылады

Толық көрсету