Almaty TV мерейтой аясында биыл 40-қа жуық әлеуметтік, қайырымдылық іс-шара өткізді
2024 жыл Almaty.TV үшін мерейлі болды. Арна ұжымы 25 жылдығын атап өтті. Айтулы дата аясында қалың көрерменге тың жобалар мен телебағдарламалар, қоғамның тыныс-тіршілігін боямасыз баяндайтын ақпараттық материалдар, салмақты сұхбат пен көңіл қылын қозғап, ой сергітетін мәдени, ойын-сауық жобалар ұсынылды. Сонымен қатар ұжым әлеуметтік һәм қайырымдылық бағыттағы бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Almaty TV ақпарат айдынындағы 25 жыл ішінде аймақтық телеарнадан елімізде көрсетілетін міндетті телеарна қатарына қосылып, республикалық статус алды. Бұл – ширек ғасырда жеткен жеңісті әрі жемісті жетістік. Себебі қорқыныш пен қиындыққа қарамастан, шынайылықтың шыңырауына жету жолында арна қызметкерлері басын бәйгеге тігуге қашан да дайын екенін дәлелдеп келеді. Жыл сайын бұл дәстүрден жаңылмайтын ұжым биыл да көрерменін тың туындыларымен қуантты.
Жаңа маусымда жаңалық тарату форматы да өзгерді. Экономика саласын сараптап, қаржылық ақпараттарды ұсынатын жаңа айдар пайда болды. 2024 жыл саяси, әлеуметтік жаңалықтар мен төтенше жағдайларға толы болды десек, тілшілер ақпарат майданында жанын беріп, жанын салды.
Соңғы 3 жылда көрерменнің арнаға деген қызығушылығы артып, телеаудиторлардың өсуі 92 пайызға жеткен. Ал сайтты қарау 46 млнға дейін артты. Әлеуметтік желідегі парақшаларда белсенді жұмыс істеп жатыр. 1 миллион көрермен жинап, алтын түйме иеленді. Ал Тик-токтағы парақшамызды 130 мың азамат бақылайды.
"Қызығы, біздің сайтты бақылайтын халықтың 41 пайызы 55 жастан асқан азаматтар. Ал екінші орында 25 пен 35 жас аралығындағы жастар белсенді оқып отырады. Ал үшінші орында 18 бен 24 жас аралығындағы оқырман, демек, сайт кез келген жас категориясына қызықты дерек келеді", – деді Интернет жобалар бөлімінің бас редакторы Виктор Глуценко.
Almaty TV мерейтой аясында биыл 40-қа жуық әлеуметтік, қайырымдылық іс-шара өткізді. Олардың қатарында спорттық сайыстар, ақындар мүшәйрасы мен жас журналистерге арналған шеберлік сағаттары бар. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер мен қарияларға ерекше көңіл бөлінді.
"25 игі іс" атты айдарымызды атап өткім келеді. Оның аясында біз өмірдің түрлі қиындықтарына тап болған отбасыларға қол ұшын создық, құжатсыз жүрген қарияға жәрдемдестік. Біздің телеарнаның көмегімен барлық құжатын қалпына келтірді. Сонымен қатар, бірнеше бала отандық, шетелдік клиникаларда ем-дом алды", – деді Almaty TV-ның бас продюсері Ралида Мұқанова.
Жыл сайын көрерменін тың телевизиялық жоба, жаңа телесериалдармен қуантатын арна ұжымы бұл жолы да дәстүрден жаңылмады. Өнегеге толы телехикаялар ұсынып, ел дамуына елеулі үлес қосқан ұлы тұлғаларды ұлықтайтын деректі фильмдер әзірледі. Сондай-ақ көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген бірқатар бағдарлама жалғасын тапты.
Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы
Оқи отырыңыз: Жылан – ерік-жігер мен көрегенділіктің нышаны: келер жылдан не күтуге болады