Аlmaty TV-де "Қала келбеті" атты жаңа айдар эфирге жол тартады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жоба табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген азаматтардың жанкешті еңбегін көрсетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табиғат – Тәңірдің берген теңдессіз сыйы. Ал оны аялау – әрбір азаматтың парызы. Осы ұстанымды сақтау мақсатында Аlmaty TV телеарнасы «Қала келбеті» атты жаңа айдарды назарларыңызға ұсынбақ.

Бұл жоба экологиялық бастамалар мен атқарылып жатқан игі істерге жан бітіріп, табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген азаматтардың жанкешті еңбегін көрсетеді. Ал осындай жауапкершілікті ерте сезінген жас буын да қызметке белсене араласып жатыр. Олардың қатарында «Жас экопатруль» жасағының мүшелері бар.

Жасыл желек – жанға тыныштық, таза ауа – тәнге шипа. Күл-қоқыс болса, көркем келбеттің көлеңкесі. Бүгінде осы бір қара дақты кетіріп, айналаны ажарландыруға атсалысып жүргендер жетерлік. Қызығы сол, экологиялық мәдениетті көтеруге бағытталған «Таза Қазақстан» акциясының аясында жігерлі жастардың жаңа легі қалыптасқан. Соның бір тобы – Алматыдағы «Жас экопатруль» жасағында қызмет етеді. Олар шаһардың әр бұрышын жіті тексеріп, заңсыздықтың жолын кесу үшін еңбектенеді. Қалдықтардың бейберекет төгілген жерін анықтап, арнайы қосымшаның көмегімен деректі тіркеп, жауапты тұлғаларды құлағдар қылады.

Салаға келгеніне аз уақыт болса да, табандылығының арқасында жасақ басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Ақжан Ақышев қала тынысын тарылтпау басты міндет екенін айтады.

«Біздің мақсатымыз – қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Біз аз уақыт ішінде 33 заңсыз қоқыс алаңын және 200-ден астам санитралық тәртіпке сай келмейтін қоқыс контейнерлерін таптық», - деді «Жас экопатруль» жастар экологиялық жасағы басшысының орынбасары Ақжан Ақышев.

Жас экопатруль жасағының мүшелері дұрыс егілмеген және заңсыз кесілген ағаштарға қатысты да ақпаратты жинайды. Содан соң анықталған кез келген мәселенің шешіліп, заңбұзушылықтың толығымен жойылғанын қадағалайды. Мысал келтіретін болсақ, анықталған 33 қоқыс алаңының бүгінде 32-інде тазарту жұмысы аяқталыпты. Ал күні бүгінге дейін барлау жұмысына 1300-ден аса ерікті жұмылдырылған.

«Экопатруль деген мен үшін – тәртіп. Алматы қаласының тазалығы жастардың қолында, басқаға ақыл үйретпестен бұрын, өзімізден бастайық деп, осы жобаға келдік. Өзіміз осылай жұмыс атқарып жатқандықтан, жаныңдағылар қоқыс тастаса, жаның ауырып кетеді», - дейді экобелсенді Нұрислам Әділбек.

Жастардан жолданған хабарлама жауапсыз қалмайды. Мәселені ары қарай құзырлы органдар шешеді. Оқиғаның мәндік сипатына байланысты, жеке немесе заңды тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 505-бабы мен Экологиялық кодекске сай жауапқа тартылады. 

«Әкімшілік құқық бұзушылықтың кейбір бабында ескертулер бар. Кейбір бапта бірден айыппұл салу көзделген. Экологиялық саладағы құқық бұзушылықтарға мемлекет тарапынан салынатын айыппұл көлемі өте жоғары. Әлем елдерінде де экологиялық құқықбұзушылықтардың салдары өте ауыр. Өйткені қоршаған ортаның компоненті бір күнде қалпына келе қоймайды», - деді Экология департаменті басшысының орынбасары Дінмұхаммед Лесбеков.

Экология департаментінің дерегінше, бүгінгі таңда белсенді жастардың көмегімен қаладан 4900 тоннаға жуық қалдық арнайы полигондарға жеткізілген, ал 5 гектардай аумақ қоқыстан толық тазартылған. Бұл – жай ғана сан емес, табиғатқа деген нақты қамқорлықтың көрінісі. Себебі қоршаған ортаға құрмет – сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Ал тазалық сақтау – әр азаматтың күнделікті әдетіне, өмір салтына айналуы тиіс.

Новости партнеров