Алматы әуежайында өзін өртеп жіберген ер адамның жағдайы өте ауыр

26.08.2025 15:06

Бұл туралы №4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері мәлімдеді

Алматы әуежайында өзін өртеп жіберген ер адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның мұндай қадамға баруына сүйіктісімен жанжалдасуы себеп болуы мүмкін. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Ал Алматы халықаралық әуежайы әдеттегі тәртіппен жұмысын жалғастырып жатыр.

 «Науқас жедел жәрдем бригадасымен бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы өте ауыр. Науқас қазақстан республикасы денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр», – деді № 4 қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Нұржан Бейқоңыров.

Есте болса, түнде Алматы халықаралық әуежайының «Т-1» терминалында ер кісі билет кассасының жанында өзін өртеп жібермек болған. Әлеуметтік желіге оқиға орнынан жантүршігерлік бейнежазбалар тарады. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі дереу әрекет етіп, жедел жәрдем шақырған. Зардап шеккен азамат қалалық ауруханаға шұғыл жеткізілген.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында неше кәсіпкер тіркелген