Алматы жұртшылығы Ғалым Доскенді ақтық сапарға шығарып салды

12.11.2025 14:00

Белгілі әдебиет сыншысы, филолог, режиссер 65 жасында келместің кемесіне мініп кете барды

Көзді жасқа, көңілді шерге толтырып тағы бір қазақтың қабырғалы Мәдениет қайраткері 65 жасында келместің кемесіне мініп кете барды. Бүгін Алматы жұртшылығы белгілі әдебиет сыншысы, филолог, режиссер, қазақ руханиятының өрісін кеңейткен Ғалым Доскенді ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Көгілдір экранның сәні мен мәніне айналған телебағдарламалар әзірлеумен ел есінде қалған тұлғамен қоштасуға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен қала тұрғындары жиналды. Марқұмды үзеңгілес достары «ізденімпаздығымен, шығармашылыққа деген шексіз құлшынысымен ерек еді» деп еске алды.

«Қазақтың тағы бір асыл азаматынан айырылып тұрмыз. Ғалымның қазақ руханиятына, қазақ мәдениетіне істеген еңбегі ұшан теңіз. Студент кезде бірге оқыдық. Сол кездің өзінде Ғалым білімімен, алғырлығыменен ерекше көзге түсетін. Оның ең шарықтау шегіне жеткен жері – «Қазақстанды»  ұлттық телеарнаға айналдыруы», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Айта кетейік, Ғалым Төлембекұлы 1960 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, 2000 жылдың басында медиаменеджмент саласына ден қойған. «Қазақстан» республикалық теле және радио корпорациясында басқарма төрағасының бірінші орынбасары, кейіннен төраға ретінде тізгін ұстады. Сол кезеңде «Алтын сақа», «Ақжүніс», «Шынның жүзі», «Үзеңгі жолдас» сынды көрермен көзайымына айналған бағдарламаларда қолтаңбасы айқын аңғарылды. Қазақтың төл өнерінің дамуына да елеулі үлес қосты.

 «Бұл кісінің қазақ өнеріне жасаған үлкен бір дүниесі «Інжу маржан» деген үлкен жоба. Қазақстанда тұңғыш рет елдің төрт бұрышынан жиналған әнші, күйшілердің басын қосып, республика сарайында екі бөлімді концерт өтті», – деді ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шүкіман.

Оқи отырыңыз: Көрнекті мәдениет қайраткері Ғалым Доскен өмірден өтті