Алматы жұртшылығы Мұхтар Түменбайды ақтық сапарға шығарып салды

23.07.2025 14:49

Қоштасу рәсімі шаһардың Орталық мешітінде өтті

Алматы жұртшылығы бүгін көрнекті журналист, тележүргізуші, деректі фильмдердің авторы Мұхтар Түменбайды ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қоштасу рәсімі шаһардың Орталық мешітінде өтті. Елге ерекше үнімен, терең ойымен танылған тұлғамен қоштасуға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қала тұрғындары жиналды. Марқұмды әріптестері мен жақын таныстары мінсіз дикциясы, қатал тәртібі, рух пен парасатты үйлестіре сөйлейтін болмысымен еске алды.

 «Шыншыл, әділ, ақкөңіл азамат болатын. Өзімнің шәкіртім еді. Бауыры біткен сондай азамат еді. Өкінішті, қазаның арты қайырлы болсын! Шынымды айтсам мен оның әкесімен де, жазушы Жақсылық ағамызбен де таныстым. Інісімен, қарындасымен, бәрімен танысып, араластық. Бауырымыздан айырылып қалдық», – деді Қазақстанның құрметті журналисі, медиаменеджер Иманбай Жұбай.

Айта кетейік, Мұхтар Түменбай шығармашылық жолын 1992 жылы «Таңшолпаннан» бастап, он жыл өткесін сол бағдарламаға жетекшілік етті. Кейін «Qazaqstan» телеарнасындағы «Апта» бағдарламасы арқылы жұртшылыққа кеңінен танылып, ерекше үнімен ел жадында қалды. Кейінгі жылдары «Мәншүк», «Төрт қайсар», «Әлия» сынды деректі фильмдермен соғыс қаһармандарының рухын қайта тірілтті. Қызметіне адал болып, 55 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанған аға буын-әріптесіміздің шынайы бейнесі мәңгілік ел жүрегінде.

 «Соңымыздан ерген ініміз, қазақтың мықты журналистерінің бірі. Тележурналист ретінде мен өте бағалаймын. Оның ойлары, пікірлері ғажап болатын. Өкінішті, өте ерте кетіп қалды. Бірақ көңілімізде, жүрегімізде, Қазақстанның журналистикасында оның орны бөлек деп ойлаймыз. Оны ешқашан ұмытпаймыз. Жатқан жері жарық болсын!» – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Оқи отырыңыз: Журналист Мұхтар Түменбай дүниеден өтті