Алматыда 100 «инватакси» мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілерді тасымалдап жатыр

06.10.2024 18:46

Дауыс беру учаскелерінде азаматтардың арбамен кедергісіз кіруі үшін арнайы пандустар қарастырылған

Алматыда жалпыұлттық дауыс беруге қатысу үшін арнайы көмекті қажет ететін 20 мың азамат бар. Оларға бүгін 100 «Инватакси» қызмет көрсетіп жатыр. Көлік құралы арбаға таңылған тұрғындар мен көру қабілеті нашар азаматтарды тасиды. Сондай-ақ 20 кезекші көлік жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін жұмыс істейді.

"Мүгедектігі бар тұлғалар өзінің тең құқығын қолданып, инватаксидің арқасында референдумға келіп жатырмыз деп айтуға болады. Қолжетімді орта болғаны жақсы, өте ыңғайлы инватакси өмірімізді жеңілдетіп жатыр", – деді  «Кедергісіз kz» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Меруерт Құлахметова.

Дауыс беру учаскелерінде азаматтардың арбамен кедергісіз кіруі үшін арнайы пандустар қарастырылған. Ал зағип жандар ондағы құлаққапты пайдаланып, референдум жайлы аудиоақпарат тыңдай алады. Онда дауыс беру ережесі туралы  толық мәлімет бар. Арбамен еркін кіру үшін кең кабиналар жабдықталып, көзі нашар көретіндерге арнайы құрал да қойылған.

"Сайлаушылардың ішінде қарт кісілер, көпбалалы аналар, үйден дауыс беретін адамдар бар. Сол кісілердің бәріне жағдай жасалған. Біздің учаскеде бір мүгедек кісі бар. Ол кісі – өте белсенді адам. Азаматтық позициясын үнемі көрсетіп жүреді. Бүгін де ерте келіп, даусын беріп, пікірін айтты", – деді №124 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлзира Сариева.

Оқи отырыңыз: Референдум: Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалды