Алматыда 12 мыңға жуық мұғалім тегін кәсіби біліктілігін арттырды

Ел бойынша 91 мыңнан аса педагог тегін тағылымдамадан өтіп, балаларға заманауи әдіспен білім беріп жүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл ел бойынша 91 мыңнан аса мұғалім тегін кәсіби біліктілігін арттырған. Оқу-ағарту министрлігі қала мұғалімдерімен қатар ауыл ұстаздарына мүмкіндік жасап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұстаздық етіп, балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген жас мамандардың бірі – Айдана Сержанқызы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қызметіне 2022 жылы кіріскен ол бір жылдан соң мектеп басшылығының ұсынысымен біліктілігін арттыру курсынан тегін өткен. Бүгінде сол білімін жетілдіріп, балаларға жаңа әдіспен сабақ беріп жүр. 

«Жас мұғалімдер үшін курстар өте маңызды. Өйткені, біз сол арқылы біліктілігімізді арттырып, жаңа дүниелерді үйренеміз. Кейін оны дәріс кезінде қолданамыз. Соның арқасында балалар функционалдық сауаттылық, заманауи оқу және жазу дағдыларын игереді. Сондай-ақ жасанды интеллектіні де пайдаланамыз. Оқушылар тарихи тұлғалардың портретін өздері жасайды. Бұл сабақтың қызықты өтуіне, әрі балалардың есте сақтау қабілетінің жақсаруына ықпал етеді», – деді № 19 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Айдана Күзембай. 

Дәл осылай соңғы екі жылда Алматыда тегін оқу курсынан 11 914 мұғалім өткен. Келер жылы тағы 5417 маманның біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.  Білім басқармасының мәліметінше, оларды түрлі пән, цифрлық технология, инклюзивті білім беру мен тәрбие жұмысы сынды бағыттарда «Педагогикалық шеберлік» орталығы базасында оқыту көзделіп отыр.

Шетел асып, тәжірибе алмасу да қолға алынған. Былтыр бұл бастаманың арқасында 566 мұғалім тағылымдамадан өтсе, биыл 265 ұстаз кәсіби әлеуетін нығайтқан.

«Алматы қаласында «шетелдік тағылымдама» деген бағдарлама бар. Соның аясында педагогтер қосымша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, тағылымдамадан өтеді. Мысалы, қамтылған мемлекеттер Жапония соңғы жылдары барып келген, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, АҚШ секілді елдерге барып, біліктілігін арттырып келді. Қайтып келгеннен кейін олар сол жақтан алған тәжірибені мектебіне келіп, оқыту процесіне енгізеді», –  деді қалалық Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми әдістемелік орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Атейбек.

«Жаһандану, ақпараттың күнделікті жаңарып жатқан заманында балаларға білім беріп жатырмыз. Ең негізгі мәселелерді айтатын болсақ, түрлі пәндердің ерекшеліктеріне байланысты ұстаздар біліктілігін міндетті түрде артыруы керек», – деді № 216 келешек мектебінің директоры Гүлназ Тұңғышбаева.

Биыл ел бойынша 91 мыңнан аса педагог тегін тағылымдамадан өтіп, балаларға заманауи әдіспен білім беріп жүр. Соның ішінде 70 мыңға жуық маман «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының қызметіне жүгінсе, 18 мыңға жуығы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында кәсібилігін жетілдірген. Бұл бастамамен қамтылғандардың жартысынан көбі – ауыл мұғалімдері болса, 45 пайыздан астамы қаладағы ұстаздар.

Аяулым Көлжігіт, Думан Дәулетбақ

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында екі мектеп ел игілігіне берілді

Новости партнеров