Алматыда 200-ден астам әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді

21.11.2026 09:54

Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Қазір мегаполисте осы бағытта 200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда бірнеше жыл бұрын олардың саны әлдеқайда аз болған. Кәсіпкерлердің айтуынша, бастапқыда қаржы тарту, ғимарат табу және мемлекеттік қолдау алу кезінде бірқатар қиындыққа тап болған. Мамандардың сөзінше, бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік заң жүзінде бекітіліп, кәсіп иелеріне арнайы қолдау тетіктері қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік кәсіпкерлік білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу салаларын қамтиды. Мұндай ұйымдар, әсіресе, ерекше қолдауды қажет ететін балалардың дамуына жағдай жасап, олардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі.

Қор жетекшісі Күляра Маненованың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміндегі ұйымдардың басым бөлігі білім беру және түзету орталықтары.

«Біздің жобаларымыз білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және инклюзия бағыттарын қамтиды. Соның ішінде білім беру саласының маңызы ерекше. Мәселен, тізілімге енгізілген ұйымдардың шамамен 60 пайызы – білім беру және түзету орталықтары. Олардың басым бөлігі балалармен жұмыс істейді», – деді әлеуметтік қор жетекшісі Күляра Маненова.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің қайырымдылық жобаларынан басты айырмашылығы – тұрақты табыс тауып, қызметін өзі қаржыландыруында. Яғни кәсіпкерлер қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қоса отырып, бизнестің экономикалық тұрақтылығын да қамтамасыз етеді. Бұл мұқтаж жандарға бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, оларды кәсіпке баулып, жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

«Осы жылдар ішінде бағдарламаларымыздан жүздеген адам өтті. Олардың көбі бізге кәсіби білімі мен мамандығы жоқ күйде келеді. Біз оларды оқытып, белгілі бір кәсіпті меңгеруіне көмектесеміз. Кейін жұмысқа орналастырамыз. Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі мақсаты да – осы. Әлеуметтік кәсіпкерлер тек қайырымдылықпен айналыспайды. Біз де пайда табамыз. Дегенмен басты міндетіміз – әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосу», – деді әлеуметтік қор жетекшісі Күляра Маненова.

Толық көрсету