Алматыда 50 мыңнан астам апатты ағаш кесілді

16.08.2025 09:21

Шаһарда 84 мыңға жуық ағаш апатты жағдайда тұр

Алматыда 84 мыңға жуық ағаш апатты жағдайда тұр. Тіпті шаһардағы кей­бір талдардың жасы ғасырдан асқан. Ал бұл кәрі ағаштар дауыл тұрса тамырымен қопарылып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қала билігі қайғылы жағдайдың алдын алу үшін жасыл желектерді кезең-кезеңімен кесіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жасыл желектерді уақытылы кеспеу адамның денсаулығына тіпті, қаладағы нысандарға да зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан әкімдіктегілер бұл кәрі ағаштарды түгел кеспек. Әйтпесе, олар зиянкестердің ошағына айналады. Сөйтіп, маңайдағы сау талдарды бүлдіреді. Сондықтан әр мезгіл сайын олар арнайы құралдармен тексеріліп тұрады.

Мамандардың сөзінше, санитарлық қырқу жасыл желектің түріне және биологиялық ерекшеліктеріне қарай жүргізіледі. Яғни, ағаштың пішіні, төзімділігі, жасы ескеріледі. Жұмыс аяқталған соң кесілген жерге бояу жағылады екен. Бұл ағашты шіруден және түрлі ауру жұқтырудан қорғайды.

«Ағаштың жасына, диаметрін анықтап, биіктігін, күй-жағдайын, бұтақтары кеуіп қалған ба, жоқ па? – бәрін тексереміз.  Ең жақсы, сау ағаштан басталады, сосын төмендей береді. Кейде ағаштар кеуіп қалады, оларды кесіп алып тастау керек,  зиян келтіреді», – деді Ауыл шарушылығы ғылымдарының докторы Бұлқайыр Мәмбетов.

Қалада 4 миллионнан астам жасыл желек бар. Оның шамамен 3 миллионы ортақ қолданыстағы аумақта орналасқан. Бүгінде олар электрондық жүйеге енгізіліп, әрқайсысының құрамы зерттелмек.

«Алматы қаласының дендрологиялық жоспары әзірленіп жатыр. Бұл құжат жасыл желектің сапалық және түрлік құрамын анықтауға бағытталған. Ережеге сәйкес, соңғы инвентаризация 2018-2019 жылдары жүргізілген. Мұндай жұмыс әр 5 жыл сайын жасалуы керек», – деді Жасыл қорды бақылау және басқару департаментінің бас маманы Мирасәлі Ілиясов.

Айта кетейік, қалада 50 мыңнан астам апатты ағаш кесілген. Жұмыс келер жылдың соңына дейін жалғаспақ. Ал санитарлық қырқу тұрғындардың өтініші мен тексеру нәтижесі бойынша жоспарланады.

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда 60 шақырымдық инженерлік және кәріз желілері толық жаңартылады