Алматыда 60 шақырым су және кәріз желілері жаңартылады

12.06.2025 16:09

Жаңғырту жұмыстары қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

Almaty.tv

Биыл Алматыда 60 шақырым су және кәріз желілері жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ішінде Мыңбаев көшесіндегі магистральді су құбыры бар. 1971 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан желі әбден тозып, кейінгі жылдары онда 38 апат тіркелген. Жаңғырту жұмыстары Алмалы, Бостандық және Әуезов аудандарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Таусамалы ықшамауданында инженерлік желілер тартылады. Ал Тимирязев көшесінде құбырлар жол жабындысын бұзбай ауыстырылады. Желілерді жөндеу аяқталған соң, 240 мыңға жуық тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді. Сала мамандарының айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары Алматыдағы құбырлардың тозу деңгейі айтарлықтай төмендеген.

«Қазан айына дейін жұмыстар толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Жөндеу кезінде қала тұрғындарына су үздіксіз беріледі, ал көлік қозғалысын шектемеу үшін барлық шаралар қолға алынады. Сондай-ақ өрт гидранттары мен су ұңғымалары жаңартылып, арнайы техника паркі толықтырылады. Соңғы жылдары құбырлардың тозу деңгейі 57%-дан 51%-ға дейін азайған», – деді  «Алматы су» МКК ресми өкілі Серік Шағыров.

 «200 метрге құбыр салынды, қалған 300 метр желінің жұмысын жасап жатырмыз. Қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр», – деді учаске бригадирі Төлеген Аметов.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда инспекторларға шөлейт аймақ үшін төленетін төлем неге тоқатылды