Алматыда адам өмірін сақтап жүрген мамандар марапатталды

24.10.2026 10:27

Әр марапаттың артында кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне деген адалдық тұр

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов әріптестерін ұлттық мерекемен құттықтап, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған күнделікті еңбегі үшін медицина қызметкерлерінің еңбегін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаладағы медициналық ұйымдардың 100-ден астам қызметкері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі атынан марапаттар мен грамоталарға ие болды.

Олардың қатарында «Еңбек ардагері» медалі, «Санжар Асфендияров» төсбелгісі, «Сала дамуына қосқан үлесі үшін» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар бар.

Әр марапаттың артында кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне деген адалдық тұр. Бұл — медицина қызметкерлерінің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және Алматы тұрғындарының денсаулығын қорғауға қосқан елеулі үлесінің мойындалуы.

Марат Пашимов әріптестеріне адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және халық денсаулығы жолындағы күнделікті жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін комьюнити-орталық ашылады

Толық көрсету