Мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылады.
Алматы интернет-алаяқтыққа қарсы жан-жақты күрес жүргізіп жатыр. Былтыр осындай 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, жапа шеккен азаматтарға 700 млн теңгедей қайтарылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еркебұлан Қойшыбаевтың айтуынша, жалған сайт пен интернет-дүкен ашып, онлайн мәміле кезіндегі алдап, «жұмыс» немесе «инвестиция» деген желеумен азаматтарды осындай жолмен ақша табуға тартып, банк пен қауіпсіздік қызметінің өкілі болып қоңырау шалу көп кездеседі екен.
Мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылады. Оның көмегімен зиянды контенті бар ресурстарды қоса алғанда, 17,6 мыңнан астам осындай сайт пен сілтеме бұғатталыпты.
Сондай-ақ алдын алу жұмысы да қоса жүргізіліп жатыр:
«Интернет-алаяқтықпен күресу полицияның ғана жұмысы емес, онымен әр адам күресуі керек, сақтануы керек. Кодты, парольді, картадағы деректі ешкімге айтпаңыз, күмәнді сілтемелерге жоламаңыз. Күмән туса бірден полицияға, банкке жүгінген жөн», – деп ескертті Еркебұлан Қойшыбаев.
Спикер сондай-ақ қалалық әкімдік, қоғамдық ұйымдар, банктер мен білім беретін мекемелермен бірлесіп, қазір барлық жастағыларды қамтитын ауқымды алдын алу жұмысы да қолға алынғанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда корпоративтік табыс салығын кім және қалай төлейтіні айтылды