Алматыда ана мен сәби өлімі азайды: білікті мамандар халықаралық конференцияда бас қосты

Шетелден келген дәрігерлер күрделі ота арқылы босанған аналардың жарасын қалай дұрыс тігу керектігі бойынша жаңа әдістерді таныстырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ана мен сәби өлімі өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайды. Денсаулық сақтау саласының мамандары осылай деп, қуанышты көрсеткішті бөлісті. Сарапшылар оң динамиканы перинаталдық көмектің жақсаруы, алдын ала диагностика мен жүкті әйелдердің жүйелі бақылауының нәтижесімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Алматыға Италия, Ресей, Сербия сынды елдерден білікті мамандар келіп, халықаралық конференцияда бас қосты. «Перинатология және балалар кардиохирургиясында инновациялық тәсілдер» тақырыбы маңызды жиынға тұздық болды. Соңғы жылдары елімізде перинаталдық қызмет күшейтіліп, жүкті әйелдерді ерте тіркеу және жүйелі бақылау басты назарға қойылды. Соның нәтижесінде өлі туатын балалар мен босану кезінде көз жұматын аналар саны азайған.

«Ана мен нәресте өлімі көрсеткіші елімізде басқа да дамыған мемлекеттердің көрсеткіштерімен бәсекеге сай. Біздің еліміздің медицинасы да жоғарғы деңгейде дамыған. Статистикалық деректемелер бойынша ана өлімі елімізде ең төменгі көрсеткіште. Соның ішінде Алматы қаласында да ана өлімі төмен көрсеткіштерді береді, өткен жылғы 25 жылдың нәтижесі бойынша ана өлімі көрсеткіші 2,2. Ал 2026 жылғы ана өлімі көрсеткіші нөлге теңеліп тұр», – деді Денсаулық сақтау басқармасы Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова.¤

Мамандардың сөзінше, әр ана жүктілікке асқан мұқият дайындалуы тиіс. Скринингтік тексерулер арқылы дәрігерлер қауіп-қатерді бастапқы кезеңде анықтап, дер кезінде ем жүргізеді. Тіпті елімізде жатырда жатқан сәбиде ақау байқалса, арнайы ота жасап, оның аман-есен дүниеге келуін қамтамасыз ете алады.

«Репродуктивті жастағы әрбір әйел жүктілікті кемінде бір-екі жыл бұрын жоспарлауы керек. Себебі дені сау бала тек денсаулығы жақсы анадан туады. Сондықтан бүгінде мемлекет пен Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасын жүзеге асыруда. Қазір әр әйел жүктілікті жоспарлау барысында өзі тіркелген емханасына жүгініп, міндетті түрде 12 негізгі тексеруден өте алады. Бұл тексерулер созылмалы немесе жасырын ауруларды, сондай-ақ жедел жағдайларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бұл қызметтердің барлығы тегін жүзеге асырылады, – деді  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Айта кетейік, халықаралық конференция екі күнге созылмақ. Мамандар ғылыми баяндамалардан бөлек, шала туған балалар мен кесарь тілігі арқылы босанған аналарға көрсетілетін күтім, аз салмақпен дүниеге келген нәрестелерді жетілдіру бойынша арнайы шеберлік сағаттарын өткізетін болады. Шетелден келген дәрігерлер күрделі ота арқылы босанған аналардың жарасын қалай дұрыс тігу керектігі бойынша жаңа әдістерді таныстырады.

Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: SIM KIDS : 62 мың алматылық ата-ана сим-карта сатып алған

Новости партнеров