Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана оған қосылу үшін колл-орталыққа барып, тарифті таңдайды
Жеткіншектерге арналған сим-карта пайда болғалы 62 мың алматылық ата-ана SIM KIDS нөміріне қызығушылық танытып, сатып алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматылық көпбалалы ана бір жыл бұрын сим-кидс картасын сатып алып, мектепке баратын 3 баласына қосып берген. Содан бері ұл-қыздарының кіммен хат алмасып, қандай контент көретінін онлайн бақылай бастаған. Керек кезінде шектеу қойып, тыйым салынған фото-видеоны автоматты түрде бұғаттап, қайта кіруге жол бермейді. Оның сөзінше, мұндай жүйе жасөспірімдердің ғаламтордағы қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.
«Мен шыққан жылы бірден алып, балаларымның телефонына қосып бердім. Жақсы, қазір қандай контент көріп отыратынын бақылап отырамын. Одан кейін, олардың телефондары дыбыссыз режимде болса, менің қоңырауым оған дыбыспен барады. Өте ыңғайлы. Бақылауда әрқашан», – деді қала тұрғыны Әсел Тыныбаева.
Балаларға арналған сим-карта – Бас прокуратураның байланыс операторларының бірімен бірлесіп атқарған жобасы. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана оған қосылу үшін колл-орталыққа барып, тарифті таңдайды. Бастама былтыр жазда іске асқан. Содан бері 62 мың адам аталған сим-картаны пайдаланыпты.
«Аталған жобаны іске асыру кәмелетке толмағандарға интернеттегі зиянды контенттің теріс әсерін болдырмауға, олардың ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір кішкентай балалардың буллингке ұшырау және де зиянды контент көруіне байланысты деректер өте көп. Сол себепті сим-карта арқылы ата-аналар балаларын бақылай алады», – деді Медеу аудандық прокуратурасының прокуроры Адлан Исмаилханов.
Айта кету керек, шектеуі бар картаға ауысқысы келгендердің нөмірі өзгермейді. Тек, ай сайынғы тарифін таңдауы тиіс. Ал балаларға арналған тариф бағасы 2990 теңге. Жоба әзірге тек Алматы қаласында іске қосылған.
Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Жұмыссыздарға төленетін ақшаны қалай алуға болады