11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілуде
Алматыда жаңа туған нәрестелерді сату ісіне қатысы бар қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік осал топтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да қамтыған қылмыстық схемаларды анықтады. «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында адам саудасымен байланысты бірқатар ауыр қылмыстың жолы кесілді: барлығы 39 факт тіркелді, оның алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты.
Алматы қаласында жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне қатысы бар қылмыстық топ әшкереленді.
"Ұйымдастырушылар қиын өмірлік жағдайға тап болған жас әйелдерді материалдық сыйақы үшін сәбиін бөгде адамдарға беруге итермелеген. Барлық қатысушы ұсталды. 20-дан астам қылмыстық іс тергелуде. Күдіктілерге мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", — делінген хабарламада.
Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тартып, қанау фактісі анықталды. 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілуде. Түнгі ойын-сауық орындарын жүйелі тексеру барысында Шымкентте, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында азаматтарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды қанаудың әртүрлі фактілерінің жолы кесілді.
Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері 296 мың адамға қолдау көрсетілді