Алматыда АПВ-ға қарсы егу науқаны қалай жүріп жатыр

12.06.2026 19:21

АПВ-ға қарсы екпе әлемде жиырма жылға жуық уақыттан бері қолданылып келеді

Depositphotos.com

Алматыда қатерлі ісіктің алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Соның ішінде адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егу - жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді жолының бірі, 

№36 қалалық емхананың директоры Гүлжайнат Тілегеннің айтуынша, бұл екпе балалар мен жасөспірімдерді адам папилломасы вирусынан туындайтын аурулардан, соның ішінде жатыр мойны обырынан қорғайды.

«Қазір АПВ-ға қарсы егу дүниежүзінде қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді тәсілі ретінде мойындалған. Сондықтан ата-аналарға ғылыми тұрғыдан дәлелденген, шынайы ақпарат беріп, баласының денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауына көмектесуіміз керек», - деді Гүлжайнат Тілеген.

Осы мақсатта тұрғындар арасында түсіндіру жұмысы жүргізіліп келеді. Мектептерде ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, дәрігерлер кеңес беріп, сауалдарға жауап береді. Алматыда АПВ-ға қарсы егумен қамту көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Егу науқаны 2024 жылдың соңында басталды. Сол кезде 5 077 қыз бала екпе алды. Содан бері екпеден кейін ауыр жағымсыз әсер тіркелген жоқ. Қазір екпе 11 жастағы қыз балаларға ғана емес, қосымша иммундау аясында 12 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жасөспірімдерге де салынады. Егу ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі.

АПВ-ға қарсы екпе әлемде жиырма жылға жуық уақыттан бері қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде оның қауіпсіздігі мен тиімдігі толық дәлелденді. Екпе жатыр мойны обырының ғана емес, адам папилломасы вирусымен байланысты басқа да қатерлі ісіктердің алдын алуға көмектеседі. Қоғамда «бұл екпе бедеулікке әкеледі» деген жаңсақ пікір әлі де кездеседі.

«Мұның ғылыми негізі жоқ. Керісінше, екпе болашақта ауыр емдеуді қажет ететін дерттердің алдын алып, ұрпақ өрбіту саулығын сақтауға сеп болады», - дейді Гүлжайнат Тілеген.

Жатыр мойны обырының алдын алуда скринингтің де орны ерекше. Алматыда жыл сайын 90 мыңнан астам әйел тексеруден өтеді.

«Скрининг бүгінгі әйелдердің өмірін сақтауға мүмкіндік берсе, вакциналау келер ұрпақты жатыр мойны обырынан қорғауға жол ашады», - деді Гүлжайнат Тілеген.

Дәрігерлер ата-аналарды тегін егу мүмкіндігін пайдаланып, балаларының саулығын қорғауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда онкологиялық диагностика мүмкіндігі артады