Алматыда ауаның ластануын азайту үшін LEZ жобасы іске қосылды

26.06.2026 18:39

 Игі бастама экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктердің қозғалысын шектеуді көздейді

Алматыда ауаның ластануын азайтуға бағытталған жаңа экологиялық жоба іске қосылды. Енді қалада LEZ, яғни төмен шығарындылар аймағы енгізілмек. Игі бастама экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктердің қозғалысын шектеуді көздейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыда ауа сапасын жақсарту мақсатында кешенді жұмыс қолға алынған. Қоғамдық көліктер жаңартылып, автокөліктер мен кәсіпорындардың шығарындыларына бақылау күшейтілді. Сондай-ақ төмен эмиссия аймағы – LEZ  жобасын жүзеге асыруға көңіл бөлініп отыр. Қазір бұл бастама пилоттық режимде Достық даңғылы, Желтоқсан көшесі, Бөгенбай батыр мен Абай даңғылы аралығында іске қосылған. Әзірге темір тұлпар иелеріне ешқандай айыппұл салынбайды және қозғалысқа шектеу қойылмаған. Мамандар әзірге көлік ағынын бақылап, жүйенің тиімді тұстарын зерделеуді қолға алыпты.

«Ескі көліктер, яғни, еуро-0, еуро-1 деген сияқты. Статистикаға қарайтын болсақ, жаңағы 112 мың тонна дедім ғой, соның 80 пайыздан астамы, 84-86 пайызы еуро-0-ге тиесілі. Себебі олардың шығарындылары өте жоғары», – деді  «Eco Almaty» ЖШС бас директорының орынбасары Айдана Қасен.

Жоба Еуропаның бірқатар ірі қалаларында бұрыннан қолданыста бар. Оның негізгі мақсаты – көлік қозғалысын шектеу емес, қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе экологиялық таза көліктердің үлесін арттырып, ауадағы зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа жоба әзірге түсіндіру және дайындық кезеңінде жүзеге асырылып жатыр. Қалада арнайы бақылау бекеттері қойылмайды. Барлық бақылау цифрлық жүйе арқылы жүргізіледі.

Айта кетейік, Алматыда жыл сайын атмосфераға таралатын зиянды заттың шамамен 60 пайызы көліктерге тиесілі.

«Жауапкершілік техникалық тексеруден өтпеген немесе зиянды шығарындылары белгіленген нормадан асқан көлік иелеріне қатысты қолданылады. Көлік ақауы толық жойылып, талапқа сай болғанға дейін оның қала ішінде жүруіне рұқсат берілмейді. Ал талап бұзылған жағдайда әрбір заңсыз жүріс үшін айыппұл қарастырылған», – деді Атмосфералық ауаны қорғау ережелерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев.

Шаһар тұрғындарының аталған жобаға қатысты пікірі әрқилы. Бірі экологиялық бастаманы қолдаса, енді бірі қоғамдық көлік сапасын жақсартып, халыққа қолайлы жағдай жасау қажет деп есептейді.

«Жоба экологиямызға, табиғатымызға жақсы әсерін тигізеді. Көбейе берсін, еліміздің болашағы үшін барлығы болуы керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Гүлайна Амангелді.

«Бұл – дұрыс бастама. Экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің қалаға кіруіне шектеу болғаны жөн. Көлік паркі уақытылы жаңарып отыруы керек. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар», – деді ¤қала тұрғыны Әмірлан Әділгереев.

.«Қазір ескі көліктердің өзін заманауи катализаторлармен жабдықтап, зиянды шығарындысын азайтуға болады. Сондықтан мәселені тек шектеу арқылы емес, басқа жолдармен де шешуді қарастырған жөн», – деді қала тұрғыны Станислав Рубан.

Мамандардың айтуынша, LEZ жүйесінің нәтижесі бірден байқалмайды. Экологиялық таза көліктердің үлесін арттырып, жаңа талаптарға бейімделу үшін уақыт қажет екен. Мәселен, Еуропа мен Қытайда жүргізілген  зерттеулерге сенсек, төмен шығарындылар аймағы ауа сапасын жақсартуға және зиянды заттардың көлемін азайтуға оң әсер еткен. Сарапшылар бұл бастама мегополистегі мәселені толық шешпесе де, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін алға тартып отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Әскер қатарында қызмет өтемеген азаматтар арнайы билетті қалай алады