Алматыда автобус жүргізушісі жол үстінде қаза тапты

27.01.2026 18:49

Жүргізуші оқиға орнына жедел-жәрдем жеткенше жан тапсырған

Алматыда автобус жүргізушісі жол үстінде қаза тапты. Қайғылы оқиға Абай мен Саин көшелерінің қиылысында болған. № 92 қоғамдық көлік тізгініндегі азаматтың денсаулығы жұмыс кезінде күрт нашарлаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс жағдай Абай мен Саин көшелерінің қиылысында болған. Кезекті рейстерінің бірін өтіп жатқан Александр Степановтың кенеттен денсаулығы сыр береді. 55 жастағы жүргізушінің жағдайы нашарлап, рөлге жантайып қалғанын көрген жолаушылардың бірі дереу тежегішті басып, көлікті тоқтатып қалған. Өзге жолаушылар дін-аман. Алайда жүргізуші жедел-жәрдем жеткенше  жан тапсырған.

«Өлімнің себеп-салдарын анықтау мақсатында сараптама тағайындалды. Жүрек ауруы себеп болуы мүмкін. Қылмыстылықтың белгілері табылған жоқ. Қазіргі уақытта Әуезов аудандық ПД тергеуді жалғастыруда», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жолаушылардың бірі батылдық танытып, жедел әрекет етпегенде жағдайдың қалай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі Абай мен Саин көшелерінің қиылысында биік көпір бар. Ал марқұмның қаза табуына алдын ала болжам бойынша жедел миокард инфаркі себеп. 2023 жылдан бері осы автопаркте жұмыс істеп жатқан азамат бұған дейін денсаулығына шағымданбаған.

 «Барлық жүргізушілер күн сайын рейс алдында өтетін медициналық тексерістен марқұм таңғы сағат 6:10-да өткен. Денсаулығына ешқандай шағым болмады. Ал автобус техникалық тексерістен 6:24 -те өтті», – деді «Алматыэлектротранс» ЖШС бөлім басшысы Алмаз Төлегенов.

Автопарк басшылығы марқұмның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, қиын жағдайда қол ұшын созуға дайын екенін жеткізді. Ал өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптаманың қорытындысы дайын болғаннан кейін белгілі болмақ.

Асыл Махметов, Амина Усенова, Ғани Калуов

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында дәрі-дәрмек екі есе қымбат бағада сатылған