Алматыда автотұрақ ақысын төлемейтіндерге бақылау күшейтілді

Полиция өкілдері көлік нөмірін жасырғандарға салынатын айыппұл мөлшері мен бақылау шаралары туралы ескертті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында автотұрақ ақысын төлеуден қашатын жүргізушілер саны артып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалалық жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, өткен жылы тұраққа төлем жасамау бойынша 497 мың дерек тіркелген. Әсіресе, халық көп жиналатын саябақтар, театрлар, алаңдар мен ірі сауда үйлерінің маңындағы ашық автотұрақтарда заңбұзушылықтар жиі кездеседі. Кейбір жүргізушілер айыппұлдан жалтару үшін көлік нөмірлерін әртүрлі заттармен жауып немесе мүлдем шешіп тастау сияқты айла-шарғыларға барады.

Алайда, мұндай әрекеттер үшін қатаң әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тәртіп сақшылары нөмірі жасырылған көлік иелерін анықтап, тиісті шара қолдануда.

«Мұндай деректер анықталған жағдайда патрульдік полиция полкі бірден шара қолданады. Бастапқыда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бір жылдың ішінде осындай құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін өседі», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазіргі таңда қала көшелерінде арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған 15 көлік тұрақты түрде рейд жүргізеді. Олар ақылы тұрақ аймақтарын шолып, төлемнің жасалған-жасалмағанын автоматты түрде тексереді. Егер жүргізуші ақы төлемегенімен, көлік нөмірі ашық болса, 4325 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал нөмірін әдейі жасырғандармен тікелей құқық қорғау органдары айналысатын болады.

Мамандар жүргізушілерді ереже сақтауға және тұрақ ақысын уақытылы төлеуге шақырады. Бұл шаһардағы көлік кептелісін реттеуге және жол мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізбек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы

Новости партнеров