Алматыда азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау күшейтілді

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау күшейтілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнының негізсіз өсуіне жол бермеу және белгіленген сауда үстемесін сақтау мақсатында Алматы қаласы әкімдігі ірі сауда желілерімен бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумға қол қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаладағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл бірнеше сауда желілері және өндірушілермен меморандумға қол қойған. Яғни, «Сары-Бұлақ»,  «Алатау құс» сияқты компаниялармен келісімшартқа отырып, олардан арзан бағада жұмыртқа, құс етін, жеміс-жидек пен көкөніс сатып алған. Сәйкесінше, қаладағы дүкендерде дәл осы өндірушілердің тауары қолжетімді сомада халыққа ұсынылып, бақыланады. Бұдан бөлек, жер-жерде әлеуметтік сауда нүктелері ұйымдастырылған. Мұнда баға да әлдеқайда арзан.

«Дүкен ашылғалы келемін. Ұнайды, бағалары басқалармен салыстырғанда арзан, іші таза», – деді қала тұрғыны Роза Ыбырайымова.

«Күнделікті жейтін алма, банан аламын. Өте ұнайды. Бағалары қолжетімді. Осындай әлеуметтік дүкендер көптеп ашылса, жеңлңдңк болар еді», – деді қала тұрғыны Руслан Никмиджанов.

«Басқа дүкендерде алма 1000 теңгеден болса, бізде 600-624 теңгеден сатылады. Пияз 150, картоп 198 теңге. Сондықтан халық бізді таңдайды. Жеміс-жидекке күнде тапсырыс береміз», – деді дүкен сатушысы Евгения Черенкова.

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Былтыр қалада 104 жәрмеңке өткізіліп, 1 миллионнан астам адам сауда жасаған. 180 мың тоннадан көп өнім сатылған.

Биыл да бұл іс-шараны 4 ауданда ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мамандардың сөзінше, ондағы азық-түліктің бағасы нарықтан 15-20 пайызға арзан. Осылайша, жәрмеңке - сатушыға да, сатып алушыға да тиімді.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың кешенді жүйесін жүзеге асыруда. Қор соңғы 3 жылда 12 000 тонна қант және 1 000 тонна күріш сатып алды. Қазір қорда 4 500 тонна қант және 991 тонна күріш бар. Сонымен қатар тауарлар тізімі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Біз алдағы уақытта келісімшарттардың орындалуын жіті қадағалап, сауда желілерімен жұмысты жалғастырамыз», – деді  «Алматы» ӘКК баспасөз қызметінің басшысы Темірлан Нихамбаев.

Салаға жауаптылар шаһарда азық-түлік бағасын өсірмейтінін айтып, сендіріп отыр. Егер тұрғындар арзанға үлестірілген тауардың бағасын негізсіз шарықтатқан саудагерлерді анықтаса, кәсіпкерлік бөліміне немесе мемлекеттік e-Otinish платформасы арқылы арыз бере алады.

Шағым расталса, саудагерге айыппұл салынып, келісімшарт бұзылады.

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматының Алатау ауданында шағын бизнестен шығатын зиянды шығарындыларды азайту шаралары талқыланды

Новости партнеров