Алматыда белгісіз біреулер мүгедек ер адамды күштеп жындыханаға жатқызбақ болған

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты керісінше, құқық қорғау органдарының әрекеті заңсыз деп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда белгісіз біреулер II топтағы мүгедектігі бар азаматты күштеп психиатриялық сараптама орталығына апарған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Туыстарының айтуынша, олар ешқандай құжат көрсетпей, өздерін Қарағандыдан келген тергеушілерміз деп, ер адамның үйіне баса-көктеп кірген. Жақындарының сөзінше, бұл әрекет Данияр Қойбағаровтың сотта жеңіп шыққан ісімен байланысты. Үкім бойынша ірі компания оған қомақты мөлшерде өтемақы төлеуі тиіс еді. Десек те, олар міндеттемеден жалтару үшін азаматты «ақыл-есі дұрыс емес» деп тануға тырысқан көрінеді.

Ал Қарағанды облыстық Полиция департаменті бұл жайтқа қатысты мүлде басқаша түсініктеме берді. Айтуларынша, әлгі жәбірленуші соттағы істе жалған құжат жасатқан. Құқық қорғаушылар қылмыстық іс жеңіліп қалған тараптың арызы негізінде тіркелгенін айтады.

«10 қыркүйекте қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған азамат қылмыстық қудалау органының қаулысына сәйкес Алматы қаласындағы сот сараптамалар институтына жеткізілді. Сараптамалық шаралардан соң күдікті келу міндеттемесінен босатылды. Тергеу жұмыстары жалғасуда», – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров

Ал Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты керісінше, құқық қорғау органдарының әрекеті заңсыз деп отыр. Соған қарамастан,  II топтағы мүгедектігі бар азаматқа психиатриялық сараптама жүргізіліпті. Енді екі тарап оның нәтижесін күтіп отыр. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

 «Полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті заңсыз. Себебі істі қараған сот Қойбағаровқа қатысты мәжбүрлі сараптама жүргізуге рұқсат беруден бас тартқан. Соған қарамастан азаматқа қарсы заңсыз қудалау жүргізген. Сондағы көздегені – Қойбағаровты әрекетке қабілетсіз деп тану», – деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрбол Құрманбай.

Оқи отырыңыз: Атырауда мүгедектігі бар жандар жұмыссыз қалуы мүмкін

 

Новости партнеров