Алматыда болашақ офицерлер шеруі өтті

06.05.2026 15:24

Ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапатталды

Айбынды азаматтар мерекесі. Алматыда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орайластырылған салтанатты шеру өтті, деп хабарлайды  Almaty.tv.  

Бостандық ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның басты мақсаты – болашақ офицерлердің патриоттық рухын көтеріп, ел қауіпсіздігін күзеткен жауынгерлердің мерейін асыру. Мақан Есболатов атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының салтанатты алаңында өткен жиынға ардагерлер мен қала қонақтары қатысты. Мерекелік бағдарлама курсанттардың шеруімен басталды. Сап түзеген болашақ тәртіп сақшылары өздерінің жауынгерлік дайындығы мен темірдей тәртібін паш етті. Ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапатталды.

«Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің аяқталуына орай жеке құрамды арнайы, парадтық үлгідегі киіммен қамтамасыз етіп, патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында іс-шараларды Бостандық аудан әкімдігімен бірлесіп өткізіп келеміз», – деді ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Елнар Жақиянов.

«Бұл іс-шараға біз өте жоғары деңгейде дайындалдық. Барлығымыз күш салып, белсенді атсалысып, жоғары деңгейде дайындық жүргіздік. Болашақ офицерлер үшін мұндай іс-шаралардың әрқайсысы рух береді, бойындағы намысын оятып, ер-жігерін шыңдайды. Отан қорғаушылар күні ерекше әсер қалдырады», – деді ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанты Бақдәулет Оралбек.

Оқи отырыңыз:  Мемлекет басшысы: Елге қорған болу – ең абыройлы қызмет