Алматыда Брайль қарпімен басылған жаңа Конституцияның таныстырылымы өтті

01.07.2026 15:49

Қазақстан Конституциясы Брайль қарпімен жазылған санаулы елдердің қатарында тұр

Алматыда Брайль қарпімен басылған Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының таныстырылымы өтті. Ұлттық кітапханада өткен іс-шараға зиялы қауым өкілдері, заң саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, Қазақстан – Конституциясы Брайль қарпімен жазылған санаулы елдердің қатарында. Яғни, зағип жандар Ата Заңды тактильді тәсілмен оқи алады.

Көру қабілеті шектеулі жандар үшін Ата Заңды қолжетімді ету олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына, құқықтарын білуіне және қорғалуына мүмкіндік береді. Бұл бастама тек инклюзияны арттырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттіліктің, теңдіктің және мемлекетіміздің әр азамат алдындағы жауапкершілігінің нақты көрінісі.

«Біз Конституцияның электронды нұсқасын алып, Брайль қарпіне аудардық. Оны аударатын арнайы бағдарлама бар. Duxbury Braille Translator деп аталады. Сол бағдарламамен аударғаннан кейін редакциясын, коррекциясын жасап, арнайы құралдың көмегімен, ол Брайль принтері деп аталады, сонымен басып шығардық. Шамамен бір айдай уақыт кетті», – деді Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана бөлімінің меңгерушісі Болатхан Сыздықов.

«Көзі көрмейтін азаматтар елімізде 80 мыңнан асады. Солардың барлығына Брайль тілі керек. Ол – бір. Екіншісі, өздеріңіз білесіздер, Конституцияда ақпарат алу, білім алуға қатысты жай ғана сөздер жазылмаған. Ал бүгін, міне, 1 шілдеде жаңа Конституцияның күшіне енген күні Ұлттық кітапханада министрліктің жасағаны өте керемет», – деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейтжан.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Ту көтеру рәсімі өтті