Мамандар бірнеше қоғамдық тамақтану орнына барған
Алматының Түрксіб ауданында «Алматы – таза ауа» экологиялық акциясы аясында «Eco Almaty» ЖШС қызметкерлері дәмхана, кәуапхана, дүкен және басқа да коммерциялық нысандардың иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлерге отын, мангал пайдалану және ауаны тазарту жүйелеріне қойылатын талаптар ескертілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, мамандар бірнеше қоғамдық тамақтану орнына барған. Нысан иелеріне көмір мен отынның орнына газ немесе электр жабдықтарын пайдалануға көшу қажеттігі айтылды.
Қатты отын жағу кезінде ауаға түтін, күйе және зиянды заттар тарайды. Бұл жақын маңдағы тұрғын үйлерде тұратын адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Санитариялық қағидаларға сәйкес, тұрғын үйлерде және басқа да ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар мен тандырларды пайдалануға тыйым салынады. Тағам дайындау үшін газ және электр жабдықтары, сондай-ақ түтін мен иісті сүзгіден өткізетін желдету жүйелері қолданылуға тиіс.
Қосымша шектеулер Алматы мәслихатының 2025 жылы 30 желтоқсанда бекіткен Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында да көзделген. Құжатқа сәйкес, газдандырылған аумақтардағы шығарындылары төмен аймақтарда (LEZ) өндірістік мақсатта қатты және сұйық отын пайдалануға тыйым салынады. Бұл талаптар 2027 жылы қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал LEZ аумағында тиісті шектеулер Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы бекітіліп, аймақтың тұрақты шекаралары белгіленгеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Кәсіпкерлерге жыл соңына дейін табиғи газға көшіп, экологиялық талаптарды сақтау ұсынылды.
Сонымен қатар дәмханалардың біріне Алматы қаласын көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл көлемі 20 АЕК болды.
2026 жылы 10 қарашадағы жағдай бойынша қалада көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 1 млн 211 мың теңге болатын 11 әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану орындарымен бірге басқа да саладағы ұйымдар бар.
«Алматы – таза ауа» акциясы қаланың барлық ауданында жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Прокурорлар мемлекетке 18 млн теңге грант қаражатын қайтарды