Алдағы уақытта бұл қызмет онлайн форматта – электрондық үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы да қолжетімді болады
2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Қазақстанда, оның ішінде Алматыда да әркім өз көлігіне мемлекеттік тіркеу нөмірін ресми және заңды түрде таңдай алатын болды. Осы уақыттан бері автокөлік иелерінен барлығы 19 100 өтініш келіп түскен. Жаңа сұранысқа ие қызметтің іске қосылғаны туралы бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қалалық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді мемлекеттік нөмір автоматты түрде ғана берілмей, азаматтар бар нұсқаның ішінен өздеріне ұнаған әріптік-сандық комбинацияны таңдай алады.
Серік Шумаевтың айтуынша, бұл жаңа қызмет мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілін түбегейлі өзгертіп, қолайлы жағдай жасап, таңдау құқығын дамыта түсуге бағытталған. Нөмірді таңдау мүмкіндігін енгізу біраз шаруаны қатар шешеді: халыққа қолайлы болып, осы жұмысты ашық етіп, реттей түседі, бұл сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды көздейтін ауқымды бағдарламаның да бір бөлігі болып отыр.
«Мемлекеттік нөмірлердің бірнеше санаты қарастырылған. Олардың құны 10-нан 280 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін барады. Баға автокөлік иесі таңдаған сандық немесе әріптік комбинацияға байланысты. Мемлекеттік нөмірлерді сатып алудан түскен қаражат қала бюджетіне түседі. Қазір бірдей үш саннан тұратын, басында немесе соңында нөлдері бар нөмірлерге сұраныс өті жоғары», – деп атап өтті Серік Шумаев.
Қазіргі уақытта нөмір таңдау үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтініш берсеңіз болады. Алдағы уақытта бұл қызмет онлайн форматта – электрондық үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы да қолжетімді болады. Бұл ХҚКО-ларға түсетін жүктемені азайтып, жұмысты барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік бермек.
Қызмет көрсету рәсімі қарапайым әрі түсінікті: азамат жүйедегі қолжетімді комбинациялардан керек нөмірді таңдайды, тексеруден өтеді, қызмет ақысын төлеп, өтініш береді сосын. Барлығы бақыланады, ашық өтеді. Әдепсіз әрі жағымсыз мағына беретін нөмірлерді жасауға ғана жол берілмейді.
«Әріптік және сандық комбинациялар жалпы қабылданған моральдық нормаларға сай болуы тиіс. Біз мұны алдын ала ескертеміз, яғни балағат сөздер немесе біреудің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жазуы бар нөмірлер болмайды. Барлығы әдептен аспауы керек», – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ішкі істер органдарында көлік құралдарын тіркеу саласындағы өзгерістер тек сервистік тұрғыдан ғана емес, «Заң және тәртіп» қағидаттарын қамтамасыз ету үшін де маңызды екенін атап өтті. Нақты есепке алу, бірыңғай ережелер мен ашық рәсімдер көлік қауіпсіздігіне, көліктерді іздестіру мен азаматтардың құқықтарын қорғау жұмысына да тікелей әсер етеді.
Серік Шумаевтың айтуынша, қызметті алдағы уақытта әлі де жетілдірмекші.
Оқи отырыңыз: Қарағандыда жетім балаларды бопсалап келген қылмыстық топ анықталды