Алматыда діни экстремизмнің алдын алу мәселелері талқыланды
Жиында радикалды ағымдардың адамға ықпал ету тәсілдері, психологиялық қысым мен манипуляция белгілері айтылды
Алматы қаласының Жетісу ауданында тұрғындарға деструктивті діни идеологиялардың ықпалы мен радикалды ағымдарға тарту тәсілдері түсіндірілді. Кездесу 12 қарашада өтіп, діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы қаласы бойынша Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың ақпаратына сілтеме жасап.
Жиында дінтанушы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының және Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің сарапшысы Динара Өтебаева дәріс оқыды.
Кездесуде деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың адамға ықпал ету жолдары және мұндай ортаға тарту кезінде қолданылуы мүмкін психологиялық тәсілдер талқыланды. Сарапшының айтуынша, манипуляция, психологиялық қысым және діни ұғымдарды бұрмалау адамның көзқарасы мен мінез-құлқына біртіндеп әсер етуі мүмкін.
«Деструктивті идеологиялардың бар екенін білу ғана емес, олардың адамға қалай әсер ететінін түсіну де маңызды. Манипуляция, психологиялық қысым және діни түсініктерді бұрмалау адамның көзқарасы мен мінез-құлқын біртіндеп өзгерте алады», – деді Динара Өтебаева.
Сондай-ақ қатысушыларға радикалды ағымдарға қосылудың ықтимал салдары, соның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына төнетін қауіп туралы айтылды. Бұдан бөлек, Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен оңалту бағдарламаларының маңызы түсіндірілді.
Сарапшы діни сауаттылықтың адамды түрлі манипуляциядан сақтаудағы рөліне де тоқталды.
«Профилактика хабардар болудан басталады. Адамның діни сауаттылық деңгейі неғұрлым жоғары болса, оның ақпаратты өз бетінше талдауға және манипуляция әрекеттеріне сыни көзқараспен қарауға мүмкіндіктері соғұрлым көп болады», – деп атап өтті ол.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар діни қауіпсіздік, экстремизмнің алдын алу және деструктивті идеологиялардың ықпалы туралы сұрақтарын қойды.
Оқи отырыңыз: Алматыда көлікті тоқтатпай-ақ шығарындысын өлшейтін жүйе сынақтан өтіп жатыр