Биыл шетелдік туристер Қазақстанда қанша қаржы жұмсады
2026 жылдың алғашқы жартысында туристік қызмет көлемі 15%-ға өсті
Қазақстанда туризм саласынан бюджетке түскен салық көлемі 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер елімізде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілген. Бұл кезеңде көрсетілген қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгені құраған.
Қазір туризм саласында 565 мың адам еңбек етеді. Бұл еліміздегі жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 6%-ына тең.
Сонымен қатар биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға көп.
Биыл елімізде туристік бизнесті қолдауға, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін мемлекеттік шекарадан ұйымдасқан топтардың өтуін жеңілдететін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді. Сондай-ақ туристік визит-орталықтар мен ақпараттық орталықтардың қызметі реттелді.
«Гидтерге, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушыларына қойылатын талаптар жаңартылды. Олардың қызмет түрлері экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуішіне енгізілді. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық парктерге тегін кіре алады», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Бұдан бөлек, ұлттық парктердің жер учаскелерін ұзақ мерзімге пайдалану мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылды. Бұл инвесторларға туристік нысандарды салу мен пайдалануды ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Туризмді дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары жаңартылып, негізгі бағыт бойынша 66 іс-шара бекітілді. Олар инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, визалық саясатты жетілдіру, жаңа туристік өнімдер әзірлеу, Қазақстанды халықаралық нарықта ілгерілету және білікті мамандар даярлауды қамтиды.
Оқи отырыңыз: Алматыда діни экстремизмнің алдын алу мәселелері талқыланды