Спорттық іс-шара дзюдо тарланы, жаттықтырушы Амантай Қарақұлының 80 жас мерейтойы қарсаңында өткізілді
Алматыда 16 мен 17 жас аралығындағы жасөспірім жігіттер арасында дзюдо күресінен республикалық турнир ұйымдастырылды. Спорттық іс-шара дзюдо тарланы, жаттықтырушы Амантай Қарақұлының 80 жас мерейтойы қарсаңында өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарыста Алматы және Талдықорған қаласының, Алматы облысының дзюдошылары өзара бақ сынасты. Байқауға 150-ге тарта спортшы қатысып, жалпы 15 команда жеңіс үшін таласқа түсті. Республикалық турнир сегіз салмақ бойынша жүргізілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы мақтау қағаздары табысталды.
«Спорт – өмірде қиын нәрсе, сендер тек өздеріңді жеңгенде ғана жетістікке жетесіңдер», – деді КСРО спорт шебері Амантай Қарақұлы.
«Дзюдо тарланы Амантай Қарақұлының 80 жасқа толу мерейтойына арналған жарыста 2009-2010 жылғы жастар бақ сынайды. Амантай Қарақұлы көптеген шәкірт тәрбиеледі. Біраз шәкірттері, алды 70 жасқа келген, Әлем және Қазақстан чемпионаттарын жеңген шәкірті көп. Солардың қолдауымен мерейтойға арналған жарыс өтіп жатыр», – деді ұйымдастырушы Жүсіп Жамбаев.
Оқи отырыңыз: Шайбалы хоккей: Қазақстанның ерлер құрамасы элиталық дивизионға шықты