Соңғы жылдары орталықта жүрек алмастыру, соғып тұрған жүрекке ота жасау және шағын инвазивті кардиохирургия сияқты күрделі технологиялар енгізілген
Алматыдағы қалалық кардиология орталығының базасында еліміздегі алғашқы мамандандырылған Аорта орталығы ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жаңа бөлімше аортаның аневризмасы мен жыртылуы секілді өмірге қауіп төндіретін дерттерге шалдыққан науқастарға шұғыл және жоспарлы жоғары технологиялық көмек көрсетеді. Кардиология орталығы бүгінде медициналық көмектің 18 түрі бойынша қызмет көрсетеді.
2025 жылы мұнда 11 мыңға жуық пациент емделіп, 500-ге тарта кардиохирургиялық операция жасалған. Мамандардың айтуынша, патология кезінде әр минут маңызды. Сондықтан орталықтың ашылуы күрделі кардиохирургиялық көмекті жеделдетіп, заманауи емдеу әдістерін кеңінен қолдануға мүмкіндік бермек.
«Күрделі науқастардың саны күннен-күнге көбірек анықталып жатыр.Кардиохирургия бөлімшесінің құрамында аорта орталығында күрделі жағдайға тап болған науөастардың денсаулығына байланысты тез шешім қабылдап, нақты диагностикалық жолын анықтау керек және мезгілімен көмек көрсетуге жағдай жасауымыз керек», – деді кардиоорталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев.
Соңғы жылдары орталықта жүрек алмастыру, соғып тұрған жүрекке ота жасау және шағын инвазивті кардиохирургия сияқты күрделі технологиялар енгізілген. 2025 жылы 11 мыңнан аса операцияға 28,3 млрд теңге төленген. Сала мамандарының айтуынша, кардиохирургиялық манипуляциялардың құны орта есеппен 300 мың теңгеден басталады. Ал ең күрделі оталардың бағасы 79 млн теңгеге дейін жетеді. Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, бағасы қымбат кардиохирургиялық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қосымша шығынсыз жасалмақ.
«Қала тұрғындары кардиохирургиялық операцияларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін пайдалана алады. Алматы қаласында жалпы осы кардиохирургия бойынша 14 клиника жұмыс істейді. Оның 9-ы жекеменшік. Алматы тұрғындары соның кез келгенін таңдап осы кардиохирургиялық қызметке жүгіне алады», – деді медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы филиалының бөлім жетекшісі Шынар Әлжанова.
Оқи отырыңыз: Жаңа конституция және адами капитал: Алматыда сарапшылар бас қосты