Алматыда ерекше қажеттілігі бар жандар шахматтан бақ сынады

02.10.2026 17:47

Жарыс жеті турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткізілді

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар мен әуесқой спортшылардың басын қосқан инклюзивті шахмат турнирі өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 1 миллион теңге, деп хабарлайды Almaty.tv.

Турнирде есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар мен әуесқой шахматшылар бақ сынады. Жарыс жеті турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткізілді.

Турнирдің басты мақсаты – спорттағы инклюзивті ортаны дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандардың спорттық және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында шахматты кеңінен насихаттау.

– Инклюзивті шахмат – мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан үлкен қолдауды қажет ететін спорттың ерекше бағыты. Сондықтан мұндай турнирлерді жыл сайын тұрақты түрде өткізуді қолға алдық. Бүгін екінші турниріміз өтіп жатыр. Алғашқысы Астанада ұйымдастырылды. Қазір балалар, әйелдер және ерлер шахматына үлкен көңіл бөлініп келеді. Инклюзивті шахматты да назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Бекет Жароков.

– Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған шахмат турнирлері мен спорттық іс-шаралар өте қажет деп ойлаймын. Біріншіден, бұл адамдардың бір-бірімен араласуына мүмкіндік береді. Екіншіден, мұндай шаралар жағымды эмоция сыйлап, алға ұмтылуға ынталандырады. Адам өзінің қоғамға қажет екенін сезініп, жетістікке жетуге талпынады және алдына мақсат қояды, – деді Қоғамдық кеңестің мүшесі Богдан Джепка.

Толық көрсету